Қостанай облысында су деңгейі көтеріліп, төрт ауылға қауіп төнді

Қостанай облысындағы өзендерде су деңгейі көтеріліп, төрт ауылға қауіп төнді. Осыған байланысты Амангелді ауданында тасқынның алдын алу жұмыстары қарқын алды. Құтқарушылар қызыл су іргесіне жеткен елді мекендерді жіті бақылап отыр.

Ал Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында тасқын қаупі біртіндеп сейіліп келеді. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Көктемгі су тасқыны Амангелді ауданында өткен аптада басталды. Бұл жолы қызыл су біз тұрған облыстық маңызға ие Әулиекөл-Жалдама тас жолын шайып кеткен жоқ. Дәл қазір алқаптағы қардың еруі белсенді. Су бірден жерге сіңіп кетіп жатыр. Яғни асфальттың деңгейіне жеткен жоқ. Жалпы аудан бойынша су басуы ықтимал төрт ауыл бар. Елді мекендер күні-түні құтқарушылардың бақылауына алынған.

Бибісара Жухинаның үйі Жалдама өзенінің жағасында тұр. Қазір көк мұз бен қора-қопсының арасы отыз метр. Кейуана су деңгейін үнемі бақылаумен жүр. Қарынсалды, Тасты өзендері құятын Жалдама ертең арнасынан асып жатса, елді мекенге қауіп төнуі мүмкін.

Бибісара Жухина, Қарасу ауылының тұрғыны:

- 15-тен әрі қарай тасуға тиіс дейді. Судың қарқыны күшті дейді. Сарытоғайдан келеді. Мына жақтан келеді судың қалай келетінін. Алдыңғы жылы осы жерге келіп тоқтады. Ауылдардың балалары тоған соғып қайтарды. Үйге су кірген жоқ.

Мыңға жуық тұрғыны бар Қарасу ауылы 15 жыл бұрын қызыл судың астында қалған. Қолдан жасалған бөгеттер бұзылып, бірнеше үйді шайып кеткен. Биыл қауіптен сақтану үшін өзен жағасы нығайтылып, жағалауға қиыршық тас үйілді.

Ғасырсейіт Қоржынбаев, Қарасу ауылдық округінің әкімі:

– Қауіпті аймақта өзен жағасында 15 тұрғын үй бар деп есептейміз. Ауа райы да қазір түнге қарай салқындап, минусқа кетіп, қатып еріп жатыр. Оның өзі көмек боп жатыр.  

Биыл оңтүстік аудандардағы қардың мөлшері былтырғыдан үш есе көп. Қауіп Есір, Жалдама, Қарасу және Ағайдар ауылдарындағы 45 үйге төніп тұр. Эвакуациялық пунктер дайын. Тасқынға тосқын шараларына 3 миллион теңге бөлінген.

Серік Төлебай, Амангелді ауданы ТЖБ бастығы:

- Торғай өзеніне Сарыторғай, Қараторғайдан құйылады сулар Арқалық территориясынан. Одан бізге келіп құйылып жатыр. Бүгінгі судың текті деңгейі 320 см құрап отыр. Көтеріліп жатыр. Бұл жерде судың қыстақтарға да қаупі бар, егер қатты көтеріліп арнасынан шығатын болса. Ал негізгі критический уровень дейді ғой 375 см құрайды.

Ал Ақмола облысында тасқын қаупі сейіліп келеді. Тек Атбасар ауданындағы Жабай өзеніндегі жағдай басты назарда. Мұнда мұз әлі жүріп жатыр. Су деңгейі де шектік өлшемге жете қоймаған. Қазір өңірдегі су басу қаупі зор 53 елді мекеннің 70 процентінде қатер сейілді. 

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- Осы сапардан байқағанымыз, Атбасар ауданының аумағында далада жатқан қар әлі де бар. Ал ол ерісе осы Жабай өзеніне келіп құяды. Бірақ ағын судың қатерсіз өтуі үшін барлық күштеріміз дайын. Бәрі жақсы болады деген үміттеміз. 

Батыс Қазақстан облысындағы жағдай тұрақталды. Су қоймалары дабыл деңгейінен әлдеқайда төмен. Бірер апта бұрын Жәнібек, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында 140 үйді шайып кетіп, 168 бас мал қырылған. Қазір қарғын су астында қалған ауылдар қалпына келтіріліп жатыр.