Жуалы ауданында иістенген су өзенге құйылып жатыр

Жамбыл облысы Жуалы ауданында өндірістік және тұрмыстық қалдық суды тазарту жүйесі жұмыс істемей тұр. Мемлекеттің миллиондаған қаражатына салынған нысанның тоқтап тұрғанына 8 жылдан асқан.

Соның кесірінен иістенген су өзенге құйылып жатыр. Әбден ескірген зауыттың құбырлары тесіліп, жағымсыз иіс ауылға тарап кетті. Енді бұл жайт жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділерінің наразылығына себеп болып отыр. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Зауыттан шыққан өндірістік су сайдың ішін ластап жатыр. Бұл жер тура ауылдың іші. Төңіректе ауыл тұрғындары тұрып жатыр. Ал жолдың арғы бетінде мектеп тұр. Иісі қолқаны қабады. Көріп тұрғандарыңыздай, су көгеріп кәдімгі сүттің сасыған иісі шығады.

Айтбек Ибрагимов, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:

- Мына жер тазаланбайды. Жатқанына 3-4 жыл болды. Бұл арық вообще тазаланбайды. Қазір ағып жатқан жоқ. Әйтпесе әппақ боп ағады. Сыр заводтан. Енді мынау күн жылыса вообще масқара болады. Адам отыра алмайды... 

Манаткүл Төлегенова, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:

- Сыр заводтың несі келіп жатқан суы. Помой, отстойный жаман сулары мынамен ағуы керек еді. Бұның бәрі бітеліп қалған. Ана жерден тесіп шықты, ана бір жерден тесіп шықты. Екі ай болды бұның жатқанына... 

Құбыр шұрық-тесік. Соңғы кездері одан аққан судың қарқыны артып иісі үдеп кеткен. Алайда зауыт өкілдері апатты жағдайдың болғанына небәрі 10 күн ғана болды деп отыр. Тесіктерді бітеп қалыпқа келтіруге уәде берді. Бірақ жөндеген күннің өзінде мәселе шешілмейді. Құбырдың аяғы төменге  барып қалдық су тікелей өзенге құйылып жатыр. Талап бойынша өзенге құйылмас бұрын арнайы тазарту жүйесінен өтуі тиіс. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Миллиондаған қаражатқа салынған бұл нысан қазір иесіз, жұмыс істемей тұр. Бұл жерде негізінен зауыттан шыққан өндірістік және тұрмыстық қалдық су осы жерде сүзгіден өтіп тазартылған су әрі қарай өзенге ағып кетуі тиіс. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерде жұмыстың иісі де сезілмейді. Міне құлыптың тұрысы мынау. Негізгі қондырғылар контейнердің ауызын мынадай болтпен бекітіп, сваркілеп тастаған былайша айтқанда...

Нысанның құрылысы 2012 жылы басталған. Оған бюджеттен 110 миллион теңге бөлініп, 2014 жылы жұмыс аяқталған. Міне содан бері жүйе жұмыс істемейді. Жап-жаңа қондырғылар тот басып шіріп жатыр. Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері мен белсенділер бұл проблеманың қоршаған ортаға орасан зор қауіп туғызып отырғанын айтады. 

Талғат Қуатбеков, Жуалы аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Соғылған күннен бастап бұл істемейді. Былайша айтқан өндірістік тұтыну су қалдықтары тікелей саймен Теріс өзеніне төгіліп жатыр. Мынау істемейді. Мына шлейфтің ішінде ара ұялап тастаған. Мынаған қараңыз. Мынаның бәрі өмірі істемеген нәрсе ғой.  

Қайсар Қойекеев, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:

- Сегіз жылдан бері мына жерде бір адам жұмыс істегенін көрген жоқпын. Жылқы қамаулы тұрады. Ат қора. 192 миллион ақша бөлінді дейді мына жерге. Ол далаға кеткен ақша былай айтқанда. Су қайда кетіп жатыр енді? Лас су ағып келеді да айналып өтіп кетеді. Бұның ішіне кірмейді су. Бұл әшейін тұрған нәрсе болды. Ауаға ұшып кеткен нәрсе. 

Бұл тазарту жүйесі ірімшік зауытына сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінгі күнге дейін жұмысы жүрмей тұр.

Марат Қасымбеков, Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі:

- Ірімшік зауыты 24 сәуір 2014 жылы қабылдап алған. Ол жерде объектіде биологиялық заттар құрамында болады деді. Ол суға құйылады да вот сол заттың қымбаттығына байланысты біз Сыр завод оны алған жоқпыз содан бастап тоқтап қалды деп отыр. 

Алайда екінші тараптың уәжі басқа. Өндіріс орнының қазіргі басшысы құжаттарды қарап былай жауап берді. 

Свамбай Арынов, Бурный сүт комбинатының директоры:

- Сатып алуға емес. Сенімгерлікке берілген екен. Біз қабылдаған кезде кемшіліктермен қабылдаған. Ол туралы әкімнің сол кездегі әкімге жолдаған хаттар бар. Осы жерде жазылған. Қандай кемшіліктер бар екенін. Біз оны пайдалана алмайтынымыз туралы мәлімет берілген.  

Бір қызығы, бұл нысанның жұмыс істемей тұрғанын 8 жыл бойы не аудандық, не ауыл әкімдігі білмеген. Білсе де ешкім бас ауыртпаған. Одан бері талай шенеунік қызмет ауыстырып жабулы қазан, жабулы күйінде қалған. Содан бері өндіріс пен кәріздің лас суы қанша жерді лайлағаны белгісіз. Қазір бұл мәселені экологтар зерттеп жатқан көрінеді. Ал өндірістік және тұрмыстық қалдық суды тазарту жүйесінің енді іске қосылу, қосылмауы екіталай.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев