Қазақстанда тауарлы газ өндірісі артады

Елімізде газ өндіру мен өңдеу көлемін арттыруға күш салу керек. Алғашқы сапарын Батыс Қазақстан облысындағы өндірістік нысандарды аралаудан бастаған «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жаркешов осылай деп мәлімдеді. Ең ірі газ кен орындары орналасқан Батыс өңірінде сала инфрақұрылымын дамыту мәселелері де өзекті болып отыр.

Отандық тұтынушыларды газбен қамту және көрші елдерге газ тасымалдау үдерісінде облыс аумағындағы нысандардың маңызы зор. Бұл объектілер отандық тұтынушыларды газбен үздіксіз жабдықтауда, көрші елдерге газ тасымалдау процесінде маңызды роль атқарып отыр.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» АҚ ҰК Басқарма төрағасы:

– Қазақстанда газ тұтыну көлемі жыл санап артуда. Алайда газ өндірісі көлемі бұған сәйкес келмейді. Сондықтан да бүгінгі күні өзінде газ рерсурсының дефициті қаупі үлкеюде. QazaqGaz ҰК алдына қойылған мемлекет басшысы тарапынан қойылған басты міндеттердің бірі ол газ ресурстық базаны арттыру. Сондықтан да бүгінгі кездесулерде осы Орал өңірінің тұтынушыларына және ішкі нарыққа қажетті газ рерсурсын арттыру және газ өңдеу көлемін арттыру мәселесі талқыланды және де әріптестік перспективалары талқыланды.

Бұдан бөлек осы өңірмен қатар елдегі тұтынушылар үшін тауарлық газ өндірісінің көлемін ұлғайту да маңызды. Чинарев мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» компаниясының басшылығымен болған кездесуде осы мәселелер көтерілді.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» АҚ ҰК Басқарма төрағасы:

– Әсіресе осы Орал өңірінде орналасқан үлкен газ конденсаттық кен орны Қарашығанақтың потенциалы өте зор. Еліміздегі газ ресурсының көбі осы Қарашығанақ кен орнында өндіріледі. Сондықтан да Қарашығанақта өндіріліп жатқан газдың ішкі нарыққа көлемін арттыру мәселесі талқыланды. 

Ал облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесуде өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту және тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру мәселелері талқыланды. Сапар барысында Санжар Жаркешов «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Орал» компрессорлық станциясына барды. Станцияда жылына 9 млрд текше метрден аса табиғи газ тасымалданады. «QazaqGaz» басшысы сапарының соңында «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Инженерлік-техникалық орталығына» барды. Бейінді мамандар жұмыс істейтін орталық қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталған және газ индустриясы үшін диагностикалық қызметтердің кең спектрін орындай алады.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов