Петропавлда ЖЭС-тағы апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Жылу электр орталығындағы апат наурыздың жиырмасы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үш мұржаның біреуі жартылай құлап, бір жұмысшы қаза тапты. Қазандықтар істен шығып, жылу дұрыс берілмеді. Осыған байланысты  кәсіпорын басшысы мен бас инженері ұсталды, артынша бас директор қамалды. Қазір бәрі тергеліп жатыр. Ал, қарапайым халық маңызды нысанның осындай күйге қалай жеткеніне түсінбей дал. 

Разия Белгібаева, қала тұрғыны:

Біз жылуға уақытында төлейміз. Кешіксең, бірден ескерту хабарламасы келеді. Мен, мысалы, екі бөлмелі пәтер үшін айына 7 мың теңге төлеймін. Қанша ақша?

Қазір жылу электр орталығын қалпына келтіру жағы жан-жақты қарастырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, оның үздіксіз жұмыс істеуіне 18 млрд. теңге керек. Тұрғындар құрылыс басталғанда, қала ыстық сусыз қала ма деп алаңдайды. Оған жауаптылар былай дейді. 

Андрей Калиничев, «Солқазэнерго» АҚ бас директорының  міндетін атқарушы:

Петропавлда жазда ыстық су болады. Біз қазір 3 қазандық кестесіне ауысамыз. Сондықтан ол жағынан тапшылық болмайды деп ойлаймын.

Төтенше жағдайдан кейін жылу ақысы қайта есептелді. Наурыз айына халықтан 65 млн. теңге алынған жоқ. Ал, осы айдың ортасынан құлаған мұржаны бұзу жұмыстары басталады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов