ШҚО-да шаруаларға жер жетпей жатыр

ШҚО-да шаруаларға жер жетпей жатыр

Науалы ауылының тұрғындарын мазалайтын басты мәселе – жердің жетпеуі. Қазір жерді заң бойынша малы бар, техникасы сай шаруа қожалықтары алып отыр. Ал байырғы ауыл тұрғындары не істерін білмей дал.

Ебілбай Қаймақбаев, Науалы ауылының тұрғыны:

Екі жыл болды менің жүгіріп жүргеніме, айтып жүргеніме. Мысалы, мал бағайын десем, жер мына жерде тар! Маңайдың бәрі – егін, анау-мынау семішке салады. Енді оны біз қалай бағамыз? Ел мысалы, халық қосады, ірі қара болса, соны айналып жүреміз. Басқа жайылыс жоқ. Енді міне мен көтерме мал алайын деп отырмын, оған да жер жоқ!

Ебілбай Қаймақбаев өмір бойы қой бағып келеді. Осыдан 2 жыл бұрын ауылдың барлық сиырын бағымға алыпты. Бірақ ойлағаны орындала қоймаған. Өйткені мал жаю үшін ауылдан бірнеше шақырым ұзауға тура келеді.

Қалталылар қиналмайды, қарапайым халық жер таппай отыр,- дейді Ебілбайдың жары Күлімхан Қаймақбаева. Тіпті ол біреудің жалға алған жерін жалдауға мәжбүр болыпты.

Күлімхан Қаймақбаева, Науалы ауылының тұрғыны:

– Бір гектарға 25 мың теңге дейді. 1 гектар да жер жоқ қой міне. Бір гектар жоқ! Бір картошка салайық, енді картошка болмаса, жоңышқа салайық. Әкелген малымызға деп. Менің кішкентай балам да бар, 7-сынып оқиды. Күнкөріс қой, балам!

Ал Данияр Қалиев 12 гектар жерді конкурста ұтып алып, жылқы өсіретін ферма ашқан. Қазір 18 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ жер алудың қиын екенін ол да жасырмайды

Данияр Қалиев, фермер:

– Жерді алу біраз қиындау болды. Енді алдық, бұйыртып. Конкурстан әділ жеңіп, ұтып алдық. Техникамыз бар, тракторымыз бар. Малымыздың саны келді. Техниканың саны келді. Содан алдық. 4 жаңа тракторымыз бар. 2 ескі трактор бар.

Айлығы шайлығынан артылмайтын тұрғындар үшін жер алу, әрине, оңай емес. Тұрғындардың наразылығы туралы аудан әкімдігі де хабардар. Енді атқамінерлер қалған бос жерлерді заңды бұзбай беру жолын тауыпты.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

– Енді біздің резервте тұрған жерлердің бәрін ауылда өзінің жеке қауымдастығы бар, ауыл ақсақалдары бар, ауыл белсенділері бар, сол кісілерге ұсынып отырмыз. Әрине, өздеріңіз шешіп алыңыздар. Қай отбасының өзінің шамасына қарай, бөліп беріңіздер. Сол отбасыға біз сол жерді береміз.

Ауыл тұрғындарының жерді жалға алып, жағдайларын түзеп алуларына да мүмкіндік бар. Мысалы, 20 гектарға дейінгі жер телімдерін 3-5 жылға дейін жалға берсе, мыңдаған ауыл тұрғынының мәселесі шешілер еді, - дейді сарапшылар. Бірақ ол үшін де заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов.