Павлодарда астрономияға бет бұрған жеткіншектер көп

Сәуір – астрономиялық клуб шәкірттері үшін жұмыстың қызған шағы. Күн және аспан әлемінің жас зерттеушілері ғылыми жобаларын аяқтауға жақын. Кирилл Сибилев астрономиялық клубқа бес жыл бұрын келген. Содан бері талдау зерттеу жүргізіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас жеткіншек болашақта ракета құрастыруды армандайды.

Кирилл Сибилев, астрономиялық клуб шәкірті:

Бес жыл ішінде геометрия, физика мен алгебраны қатар меңгердік. Себебі астрономия бұл ғылымдардан құралған. Аспан денелерін зерттеп, жұлдыздардың формулаларын меңгеріп алдық. Болашақта НАСА-ға оқуға түскім келеді.

Астрономияға бет бұрған жеткіншектер көп. Олардың ғылыми әлеуетін дамыту үшін бар жағдай жасалған. Оқушылар сарайының жанынан заманауи обсерватория мен планетарий бар. Бүгін жаңадан келген оқушылар үшін дәріс оқылып, экскурсия жүргізілді.

Інжу Аипова, астрономиялық клуб шәкірті:

– Бұл жерде біз аспан әлемі, күн сәулесі, жұлдыз әлемін үлкен телескоппен зерттейміз. Мен қазақ ғарышкерлері туралы көп оқыдым. Тоқтар аға туралы, Айдын Айымбетов туралы, Талғат Мұсабаев туралы оқыдым.

Астроклубқа 40 бала тұрақты қатысады. Жас ғалымдар бағындырған асулары бір төбе. Өткен жылы шәкірттер ғарыш физикасы мен астрономия бойынша өткен республикалық турнирде бас жүлдеге ие болған.

Гүлнар Баубекова, астрономиялық клуб жетекшісі:

– Инженерия, космонавтиканы таңдайтындар көп. Ғарышкер болуды армандайтындары да бар. Зерттеу жұмыстарын екі бағыт бойынша жүргіземіз. Біріншісі, макет жасау жобалары болса, екінші бағыт астрофизика бойынша формулалар жазу, күрделі есептерді шешу.

Осылайша, жас ғалымдар астрономиямен қатар, физика, геометрия бағыттарын қатар меңгереді. Алда оларды байрақты бәсекелер күтіп тұр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков