Тасқыннан зардап шеккендерге көмек бола ма – Ақтөбе

Ақтөбеде үйлері суға кеткен тұрғындарға қала билігі қолдау көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ тасқыннан келген шығынды есептейтін комиссиялардың қорытындысы әлі шықпаған. Ал баспанасына су кірген ақтөбеліктер зардап салдарын толық жоятындай жәрдем берілсе деп үміттеніп отыр. Өз үйінің қазіргі күйін көрген сайын Жұматай Әкімовтің көңілі бұзылады. Себебі кенеттен келген топан су небәрі 15 минутта баспананың ішін шайып, барлық тұрмықтың техниканы істен шығарған. Өзі отбасымен бірге құжаттарын алып, сыртқа әрең шығыпты. Содан бері он күн өтсе де, үй ішіндегі ылғалдың әлі кеппеуінен жанұяның қайта келіп тұруына жағдай жоқ. Сондықтан, әзірге жатақхана паналауға тура келеді. Ал, отағасы ғана жұмыс істейтін отбасының үйді қалпына келтірердей жағдайы жоқ. Бар үміт – жергілікті билікте дейді олар.

Жұматай Әкімов, қала тұрғыны:

– Эксперт келді екі адам, сосын бағалайтын бір адам келді. Содан бәрі өлшеді қарап, жазды. Сосын мына жиһаздар, холодильник, мотор бізге керек емес дейді. Жазды әйтеуір қол қойып бердік, болды сосын ұзамай кетті де қалды. Ал әзірге қашан әкім келеді ол айтылған жоқ. Қашан хабарын беретіні белгісіз? Шақырамыз, айтамыз деді. Енді соны күтіп отырмыз.

Қала шетіндегі саяжай ұжымында тұратын Жұматайдың көршісі де су тасқынынан зардап шеккен. Қазір едендері мен жертөлесін ылғалдан кептіріп әлек. Ал келген комиссия мүшелері үйдің бүлінген бөлігін ғана құжатқа түсіріп әкеткен. Нақты көмектің қашан болатынын айтпапты.

Жарқынбек Кәдірбергенов, қала тұрғыны:

– Мынау су толғаннан осадка беріп, үйдің бәрі трещина болды. Терезенің асты, бәрін түсіріп алып кетті акиматтан келіп. Енді олар акиматтан тексеріп, үйдің шығынын есептеп, көмек береміз деп айтқандай қылды. Одан әлі хабар жоқ.

Бүгінде қала бойынша 120-дан астам үйге су кіргені анықталған. Алайда ондай баспана иелеріне қандай көмек көрсетілетіні туралы әзір айтылмайды. Себебі шаһардың Алматы және Астана аудандары бойынша құрылған екі бірдей комиссия келген шығын көлемін әлі есептеп жатыр. Қорытынды шыққан соң не қаржылай, не материалдық қолдау түрі белгілі болмақ.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

Комиссия жұмыс жасап жатыр. Тұрмыстық техниканы заң аясында өтеуге бізде мүмкіндік жоқ. Қалған келген шығындарды біз өтейтін боламыз.

Қазір үйлерін су шайған отбасылар жатақханада тұрып жатыр. Тасқыннан зардап шеккендерге еріктілер мен жомарт жандар көмек қолын созуда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев