«AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Оған депутаттар, Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен кәсіби әлеуеті талқыланды. Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдау мақсатында бірнеше іс-шара қолға алынғанын айтты. Соның бірі – төл өнеріміз айтысқа көңіл бөлу.

Асхат Оралов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы:

– Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек, биыл біз «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы жән Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтеді. Бұл мерейтойларды атап өтуге партия жан-жақты қолдау көрсетеді.

Кеңесте сөз алған мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жас қаламгерлерді қолдау үшін келер жылдан бастап арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалатынын айтты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров саланы құқықтық реттеудің маңыздылығына тоқталды. Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін дамыту бағытында қолға алынған істерді атап өтті. «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні де, маңызы да айрықша екенін айтты.

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ басқарма төрағасы:

– Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің басты арнасы бел шешіп, идеологиялық тұрғыда жұмыс жасайды. Президенттің бастамаларын біздің арналарымыз алдағы уақытта да халыққа кеңінен  насихаттап, жеткізуге қашанда дайын.