БҚО-да бөгет бұзылып, ауылды су басу қаупі төнді

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлар департаменті дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірмен іргелес Ресейдің Пустобаев ауылында су қоймасының бөгеті жарылып, трансшекаралық өзеннен тасқын қаупі төнді. Бұл гидронысанда 8 млн текше метр шамасында су жиналады. Ағыс Елтышевка өзені арқылы Жайыққа құяды. Өзен жағасында орналасқан Чинарёв ауылының тұрғындары дереу көрші ауылға көшірілді. Құтқарушылар тасқынға тосқын шараларын жүргізіп жатыр.

Нұралы Мүсиев, БҚО төтенше жағдай департаментінің басқарма бастығы:

– Елді мекеннен Январцев ауылына 20 адам және оқиға орнында құрылған жылжымалы штабқа 12 адам эвакуацияланды. Қалған адамдар жеке автокөліктерімен туыстарына және жақын орналасқан елді мекендерге кетіп қалды. Қазір осы уақытында өткізілген алдын-алу шараларының арқасында су басу фактісіне жол берілген жоқ және жағдай қалыпты әрі бақылауда.