Ақтөбе облысында ежелгі металлургтердің мекені табылды

Тіпті археологиялық қазбадан өндірістік пештер шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жаңалық қола дәуірінде металлургия өндірісі Орталық Қазақстан аумағында ғана емес, еліміздің батысында да дамығанын білдіреді, – дейді мамандар. Қазақстанның археологиялық жаңа табыстары бүгін «Марғұлан оқулары» барысында жария етілді. Мамандар өз саласындағы түйткілді мәселелерге де тоқталды. Соның бірі – кадр тапшылығы. Қазіргі уақытта университеттерде археологтарды дайындаудың жеке бағдарламасы жоқ. «Сондай-ақ, тарихи қазбаларды зерттеудің бірыңғай әдістемесін жасау керек», – дейді ғалымдар. Әсіресе Алматы қаласындағы археологиялық мұраларды сақтау мен қорғау кезек күттірмейтін мәселе.

Ақан Оңғарұлы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры:

– Алматы қаласы өте қатты құрылысты қарқынды жасап жатқан, өте қатты дамып жатқан өңір. Бұл жерде Алмаарасан қонысынан бастап, Сақ, Үйсін заманы, тіпті полеолит кезеңінен бастап үлкен ескерткіштерге толы. Сондықтан антропогендік және техногендік жағдайды ескере отырып, біз біріншіден, Алматы қаласындағы барлық ескерткіштердің толық мәліметтік базасын дайындау, оларды жер ресурстары бойынша кадасторлық  реесторға кіргізу бойынша нақты жұмыстар жасайтын боламыз.