АҚШ Алматыда бас консулдықтың жаңа ғимаратын салуға ниетті

Бас консулдық ғимаратын жаңадан салу мәселесі Алматы әкімі Ерболат Досаев пен АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Узрой Зеяның кездесуі барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында азаматтық қоғамдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен одан әрі ынтымақтастық, ESG қағидаттарын енгізуді жандандыру, қаланы инклюзивті дамыту мәселелері талқыланды. Америкалық тарап Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының жаңа ғимаратын салуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, тараптар сауда-экономикалық байланыста қолжеткен уағдаластықтар туралы айтты. Ерболат Досаев Алматы экономикасын қалпына келтірудегі әкімдіктің бүгінгі жұмыстары, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы хабардар етті. Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша қаланың негізгі капиталына 19,8%, өнеркәсіпке 11,5%, құрылысқа 38,6% тартылған инвестиция көлемі өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,5%-ға артып, 213 мыңнан асты. Екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқыны да аталып өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 662,1 млн. АҚШ доллары көлемінде болған. Қалада 128 бірлескен кәсіпорын және 399 америкалық компания қызмет етеді. Еске сала кетейік, Алматы әкімі Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Алан Пиюмен қаланың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жобаларды, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларды талқылаған болатын.