Жамбыл облысында полиция қызметкерлері тапшы

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері тапшы

Өңірге әсіресе учаскелік инспекторлар аса қажет. Қазірдің өзінде 150-ден астам маман жетпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, бір ғана Бауыржан Момышұлы ауылында 15 мыңға жуық халыққа небәрі 4 инспектор қызмет көрсетіп отыр. Олардың өзінің жұмыс орындары талапқа сай келмейді. Қысылып-қымтырылып жұмыс істеуге мәжбүр. Бауыржан Момышұлы ауылындағы полиция тірек пункті ені 2,5 ұзындығы 5 метрлік тар бөлме. Оның өзі ауылдық әкімдік ғимаратынан берілген. Аядай кабинетте 4 учаскелік және кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі 2 инспектор  жұмыс істеп отыр. Тұрғындарды да, жасөспірімдерді де осы жерде қабылдайды. Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Талғат Қуатбеков бұрын полицияда қызмет етіп зейнетке шыққан. Ол жұмыс барысындағы кедергілер мен материалдық кемшіліктерді айтып берді.

Талғат Қуатбеков, Жуалы аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі:

Бір учаскелік полиция инспекторына 7,5 квадрат метр бір қызметкерге бөліну керек. Бұл жерде ол шықпайды. Алты адам осы жерде отырады. Шықпайды ғой.  Үкіметіміздің 2021-24 жылдарға арналған жол картасына сәйкес жылына республика бойынша 78 учаскелік тірек пункті салынуы керек. Бірақ ол жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Ешқандай жұмыс істеуге мүмкіншілік жоқ. Қай жерде қабылдайды адамдарды. Қараңызшы? Есепте тұрған адамдарды қабылдау керек. 14 мың халыққа қандай тірек пункті. Осыдан кейін полициядан қалай жұмыс сұраймыз. Қай жерде бұлар адамдарды қабылдайды.

Аудан бойынша полицейлерге беретін бос нысан табылмай тұр. Қазір ауылдық әкімдіктің ғимаратында полиция да, жедел жәрдем қызметі де, психолог та,  медиатор да отыр. Тәртіп сақшыларының жағдайы қиын. Ол туралы ауыл әкімі бізден естіп аң-таң болды.

Марат Қасымбеков, Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі:

Учасковыйларға басқа кабинет тауып береміз. Бірақ бүгінгі күнге дейін ондай ешқандай вопрос туындаған жоқ етін. Біз тар жерде отырмыз деген. Қазір естіп отырмын.

Мәселенің бары рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал оны кеше келген жас маман немесе полиция қызметкері қайдан айтсын. Шағымданғаны үшін басшылығынан таяқ жеуі мүмкін. Айта кету керек, жалпы Жамбыл облысы бойынша бүгінде 367 учаскелік полицей жұмыс істейді. Әлі тағы 150-ден астам маман жеткіліксіз.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә