460,95 484,00 8,66
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Үржарға апаратын жол жөнделер емес. Тұрғындар әуе жолынан үмітті – ШҚО

  • 223
  • UPD: 23:35, 13.04.2022
Үржарға апаратын жол жөнделер емес. Тұрғындар әуе жолынан үмітті – ШҚО

Шығыстың туристік саласындағы тірегіне айналған Үржарға апаратын жол сапасының түзелер түрі көрінбейді. Талдықорған – Өскемен бағыты әлі салынып біткен жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал айналма жолдар болса нағыз сынаққа айналған. Жөндеу жұмыстарының бітуінен күдер үзе бастаған жұрт, енді бұл өлкеге «әуе жолы ашылады» деген ақпаратқа үміт артып отыр. Жол азабын жүрген біледі. Жеңіл көлікпен жүйтки алмай, аяңдап келе жатқан бұл жолаушылар Семейден Мақаншыға бет алыпты. Алайда шұрық тесік жолдың кесірінен автокөліктің талай тетігі кеткен. Көлік ішіндегілердің де денсауығы сыр бере бастапты.

Бәтима Төлепова, жолаушы:

– Ауырып отырмын, міне, өте нашар қалай жетеміз, әлі қайда Мақаншыға жеткенше. Кеше шыққанбыз әлі келе жатырмыз, міне, жол нашар машина тұрып қалды жол жоқ деуге болады.

Жүргенінен тұрғаны көп жолаушылар жол бойында жетіп артылады. Бәрінің шыдамы бітіп, төзімі таусылған.

Андрей Бортовских, көлік жүргізушісі:

– Міне, көлік сынды. Семейден шыққалы алты сағаттай болды. Мына жолды тездетіп аяқтамаса, ел-жұртқа обал. Көліктерінен түк қалмайды.

Жолды қайта жөндеп жатқандардың жұмысы сылбыр. Оның үстіне олар сол жердегі айналма жолдың сапасына да жауапты. Алайда ол жағы да ақсап тұр.

Айдос Қалыбаев, жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының инженері:

– Қыстың бәрін қоса айтсақ, 30 шақты рет шықтық, 21 кемшілік анықталды.Тапсырыс беруші мекеме мен жолды салып жатқан мекеме күтіп ұстауы тиіс, соларға кемшіліктерді хатқа жазып жібереміз, осы кемшіліктердің орындалуын, ақаулардың жойылуын қадағалаймыз.

Көктемде бұл жолда бір оське 8 тоннадан астам салмақ түспеуі қажет. Бірақ бұл талапты ешкім ескермейді. Сөйтіп айналма жол жүк көліктері жүріп өткен соң ми батпаққа айналады. Оның үстіне жаңбыр жауып, тіпті езіледі. Бұны көрген  халық тақтайдай түзу трассадан күдер үзе бастады. Ендігі үміттері «әуеде». Өйткені қазір әуежай жөнделіп жатыр.

Мұнда заманауи құралдармен жабдықталған орталықтандырылған тарату пункті ашылды. Ұшу жолағы ұзартылып, бақылау мұнарасы биіктетілді. Ұшақтар бір-біріне кедергі келтірмеу үшін бағыттауыш жолдар да салынды.Енді  жолаушылар ағыны 2-3 есе өседі.

Тимур Хасиетов, әуежайды қайта жөндеу жобасы жетекшісінің орынбасары:

– Жарықты-ескерту құралы монтаждалған соң 10 әуе көлігін қабылдай алады. Әрбірінде 100 адам десек, тәулігіне мыңнан астам жолаушы ұшып келеді.

Мамандардың айтуынша, жұмыс бекітілген кестеден ерте аяқталып, яғни маусым айында  әуежай алғашқы ұшақты қабылдауы  мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы