Қостанай облысында жер дауы шешілер емес

 

Азамат Сәлімжанов үшін жер игеру атадан қалған кәсіп. Әр гектарынан тонналап өнім алған күндері қазір көз алдынан бұлбұлдай ұшты. Ол 160 гектар жер үлесін шаруашылыққа сеніп тапсырып, сан соғып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азамат Сәлімжанов, Родина ауылының тұрғыны:

Қалай ол сонда? Әкем осы уақытқа дейін жұмыс істеді. Ол жер маған мұраға келіп отыр ғой. Қалай далаға кете ме сонда? Біз қарсымыз. Ешкімге бермейміз жерімізді. Әкемнен қалған жалғыз мен емес. Біз бес ұлмыз. Ағаларым бар, оларға да беретін жерім бар.

Аязби Қаракүбенов, Родина ауылының тұрғыны:

– Жылда үлесімізді алып келе жатқанбыз осы уақытқа дейін. Жердің дивиденді болады ғой. Егін болған жылдары жақсы беріледі. Егін аз болғанда шамалы болады деген сияқты. Орта жолдан бұл нәрсе? Түсінбедім мен.

Осыдан 18 жыл бұрын Родина ауылының 55 тұрғыны жер үлестерімен жергілікті серіктестіктің мүшелігіне кірген. Тиісті құжаттар облыстық дәрежеде тіркеуге алынды. Бірақ оның бәрі заңсыз атқарылғанына халықтың  көзі енді жеткен сияқты. Себебі 6 жыл бұрын марқұм болған қожайыны бәрін ақ қағазға қол қойдыртуға мәжбүрлепті. Қазір мұрагер ретінде жаңа иесі шыққанда бар былықтың беті ашылғандай.

Бауыржан Әділбек, кәсіпорын директорының орынбасары:

– ТОО-да 7 мың га жер. Мұрагері 72%-пен сот шешімімен бізге кірейін деп жатыр. Демек 5 мың га жер оныкі. Қалғанын 1800 га осы 55 адамға бөлгенде ешкімге шықпайды.

Серіктестіктегі сот дауының созылғанына бірнеше жыл өтті. Әр мүшеге  бөлінген жарналар және мұрагердің үлес көлемі барлық инстанцияда мойындалған. Бірақ тұрғындар мұндай шешіммен келіспейді. 

Анна Житник, Родина ауылының тұрғыны:

– Егер мұрагерді 72 %-пен мүшелікке алсақ, бізге ештеңе қалмайын деп тұр. Құжаттарда әр адамға кемінде 14 га жер тиесілі деп көрсетілген. Сонда біздің жеріміз қайда? Қалай болғаны?

Осы мәселе бойынша екі тараптың қолында заңды күшіне енген соттың жеті актісі бар. Бұған Жоғарғы соттың қаулысын қосыңыз. 

Сәкен Хамитов, облыстық Адвокаттар коллегиясының адвокаты:

– Заңды күшіне енген сот шешімі әрине түрлі жағдайда өзгерітіліп, бұзылуы мүмкін. Бірақ осы күнге дейін ол кісілер соттасып жатыр ғой. Осы 2020 жылдан бастап. Енді барлық стадиялардан  өттік. Соттың қаулысы бар. Күшіне енген сот шешімі міндетті түрде орындалуы қажет. Ол Азаматтық-процессуалдық кодекстің 21-бабында анықталған.

Мұрагер серіктестік мүшелігіне алынсын деген сот шешімі екі жыл бұрын шыққанымен екі жақ ортақ мәмілеге келер емес. Кезекті аппеляцияның қорытындысы мынадай.

Зәуре Едікова, облыстық Соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Қостанай облыстық сотының Азаматтық істер бойынша сот коллегиясы бірінші инстанциялық соттың ұйғарымын өзгертті. Экономикалық соттың 2020 жылғы 16 сәуірдегі шешіміне сәйкес, серіктестік кезектен тыс жиналыс өткізіп, 72,86 % үлесі бар Досованы серіктестік мүшелігіне алуды орындасын.

Дегенмен ауыл тұрғындары жерлерін сақтап қалуға тырысады. Сотпен шектелмей, елордадағы бірқатар жоғарғы истанцияға да хат жолдаған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров