Алматы облысында жеке меншікке сатылып кеткен зираттың жері қайтарылды

Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылында жекеменшік компанияға сатылып кеткен зираттың жері ауылға кері қайтарылды.

Бір жылға созылған дау-дамай халықтың пайдасына шешіліп, кәсіпкер 4 гектар жерден бас тартты. Қарабұлақ тұрғындары бейіттің сатылып кеткенін өткен жылы естіген. Зираттың жабылып, қарауыл қойылғанын, кәсіпкердің қайтыс болғандарды жерлетпей отырғанын біздің арна былтыр көрсеткен еді. Сол кезде көнекөз қариялар қарсылық білідіріп, техниканың бейітті бұзуына жол бермеген. Таласқа түскен жер 1988 жылы ауылдық және жұмысшылар кеңесінің шешімімен зират болып бекітіліпті. Енді міне заңгер адам құқығын қорғаушылар мен баспасөзден көмек сұраған Қарабұлақ тұрғындарының талабы орындалып отыр. 

Сәуле Мықтыбаева, Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Зират орналасқан 1,5 гектар жер және аймағындағы жерлердің барлығын қоса 4 гектар жерді қайтарымсыз түрде беріп отыр. Біз ол хатты көрсете аламыз, біздің қолымызда бас тарту хаты бар. Бүгін, ертең комиссия қарауынан оң қорытындысын алған кезде біз әрі қарай мемлекеттік акт дайындауға кірісеміз.