Петропавлда ақпараттық тақталар жұмыс істемей тұр 

Петропавлда аялдамаларға орнатылған «ақылды» тақталар жұмыс істемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автобустардың бағыты мен келу уақытын көрсететін экрандар қазір тек көзге күйік болып, қалқайып тұр. Кезінде бұл жаңашылдыққа бюджеттен 50 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Бұл тақталар Петропавлда 2018 жылы пайда болды. Оларға қарап, тұрғындар автобустардың бағаты мен келу уақытын білетін.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл қаланың орталығындағы аялдамалардың бірі. Бұл жерде электронды тақта мүлдем істемей тұр.

Бұл тақталар қаладағы 31 аялдамаға орнатылды. Әрқайсына бюджеттен бір жарым млн теңге бөлінген. Бірақ қазір көбі істемейді. Қап-қара экраны ғана түнеріп тұр.

Айнұр Әміртаева, қала тұрғыны:

– Бұл қыстың ортасына дейін ба, әлде қыстың басына дейін ба жұмыс жасады. Енді істемейді қазір. Істеген. Міндетті түрде қараймыз. Пайдасы бар. Бірақ енді істеп тұрған жоқ.

Қазір бұл тақталар қараусыз. Оларды орнатқан компания кепілдік бойынша екі – ақ жыл күтіп ұстаған. Оның өзі дәл пандемеяға дөп түскен. Енді әкімдік қызметкерлері басқа ұйымды іздестіріп жатыр.  

Әсем Айтолла, Қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазір бізде техникалық тексерістер жүргізіліп жатыр. Соған байланысты алдағы уақытта оларды әрі қарай жұмыс істеуіне қанша қаражат керек және қандай компания онымен айналысатыны жайлы бізде жаңағы конкурс байқау жарияланатын болады.

Қазір адамдар автобустардың бағытын телефон арқылы көріп біледі. Сонда біреуі 1,5 млн теңге тұратын қымбат тақталар кімге керек болды?

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов