LRT жобасы қандай болмақ?

Басында алаулатып-жалаулатып, арты қайырсыз болған жобалар бұл ғана емес. Елордадағы бір ЛРТ-ның өзі неге тұрады? Осы ЛРТ-ны шама келсе, салып алайық дейді урбанистер. Өйткені сегіз жылдан соң ел астанасында жеңіл көлік саны 2 есе ұлғаяды. Сол уақыта кептелісте қазіргіден әлдеқайда көп уақыт тұруға тура келмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаңтар айынан бастап урбанистер орталығы халық арасында байқау жариялаған. Мақсат – ЛРТ құрылысын оңтайландырып, жобаны іске қосу бойынша ұсыныстар қабылдау.

Дариға Ташенова, тілші:

– Елордада жеңіл рельсті көлік жобасының құрылысы 2011 жылы басталды. Жоспар бойынша ол 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ қаржы мәселесіне байланысты құрылысты тоқтатуға тура келді. Ал бұл конструкциялар халық арасында сыбайлас жемқорлықтың ескерткіші деп аталып кетті.

Биыл Мемлекет басшысының өзі ЛРТ-ның қате жоба екенін растады. Дегенмен оны соңына дейін аяқтау қажеттілігін қадап айтты. Осы орайда қалалық урбанистика орталығы бүкіл ел бойынша байқау жариялап, ЛРТ-ны салуға қатысты ұсыныстар қабылдай бастады. Қазірдің өзінде 400-ден астам маман өз көзқарасымен бөлісіп, жобаны жалғастыру жолдарын айқындады.

Елнар Базыкен, қалалық урбанистика орталығының басшысы:

Ел тұрғындары бұл байқауға түрлі шығармашылық жобаларын жіберді. Бірі Нью-Йорк қаласындағыдай хайлайн салуды ұсынса, басқалары оны жаяу жүргіншілер үшін қандай да бір кеңістік ұйымдастыруды жөн көріп отыр. Тағы бірі трамвай, автобус немесе автобан жасауға ұсыныс жасады. Біз урбанист ретінде қоғамдық көлік идеясына басымдық беріп отырмыз. Өйткені қазірдің өзінде қалада 400 мыңнан астам көлік тіркелген. 8 жылдан кейін оның саны 2 есеге ұлғаяды. Сонда кептелістің қандай болатынын елестетіп көріңіз.

Бәйгеге қатысып, бағын сынаймын дегендердің бірі – алматылық Ермек Бекмұратов. Ол байқау жарияланғаннан кейін әріптесімен бірге 2 апта ішінде бірегей жоба ойлап тапты. Кәсіпкердің пікірінше, ЛРТ бағаналарының үстінде халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашуға болады. Саланың қыр-сырын жетік меңгерген азамат жеңіл конструкцияларды қолдану арқылы құрылысты айтарлықтай арзандатуға болады деп есептейді. Мәселен, ол әр бағанаға 5-6 миллион теңге жетіп қалады деген пікірде.

Ермек Бекмұратов, құрылысшы:

Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығын салса деп ойлаймын. Бизнесмендерге берсе. Дизайнын кең дала стилінде деп отырмыз. Төменгі жағында киосктер болады, жоғарыда пространство, көлік тұрақтары орналасқан.

Ел тұрғындарының арасында ЛРТ конструкцияларын мүлдем бұзып тастау керек деген ойлар да айтылып жатыр. Бірақ сарапшылар ол өте қымбатқа түсетінін алға тартады. Одан да станса санын едәуір азайтып, жобаны аяғына дейін жеткізу қажет,–дейді олар.

Елнар Базыкен, қалалық урбанистика орталығының басшысы:

– Біз ЛРТ жобасын қаланың көліктік жүйесі ретінде қарастырып отырмыз. Халықаралық деңгейде жұмыс істейтін урбанистерді шақырып, кеңестерін тыңдадық. Көбі, жобаны мәресіне дейін жеткізу қажет екенін айтады. Бұл жобаның ұзақ уақытқа созылатынын ескерген жөн. Қазір станса санын азайтсақ, келешекте желіні ұзартуға болады. Ол бүкіләлемдік тәжірибе. Мысалы, Мәскеу қаласындағы метроның стансалары 10 жылда бір рет салынады. Миланда ЛРТ салынған аудандарда құрылыс қарқыны артып, тұрғындар көбейген. Алматы метросының құрылысына қатысты көп сыни пікірлер айтылып жатты. Алайда қазір қала тұрғындары сол метроның қызығын көріп жатыр.

Аталмыш байқау әлі де жалғасып жатыр. Қалағандар урбанистика орталығының электронды поштасына немесе әлеуметтік желідегі парақшаларына өз ұсыныстарын жазып, жіберуіне болады. Кейін сарапшылар арасынан үздігін таңдап, елорда әкімдігіне ұсынады. Алайда күн тәртібіне оны қаржыландыру мәселесі қайта шығатыны анық.

Авторлары: Дариға Ташенова, Марат Диханбаев, Диас Қобыланбаев