Атырауда жұмыс көп, бірақ жұмысшы жоқ

Атырауда көктемгі дала жұмыстарына 400-ге жуық шетелдік келеді. Оның көбі Өзбекстан азаматы.

Өйткені мекемелер дәл қазір жұмыс күшіне зәру. Ал жергілікті тұрғындардан қайран жоқ. Әрине өңірде екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетерлік. Бірақ көбі қара жұмысқа құлықсыз.

Шаһардың тазалығын қадағалайтын арнаулы автобаза мекемесінде қазір 330-ға жуық адам жұмыс істейді. Оның 120-сы жергілікті тұрғын болса, қалғаны Өзбекстан азаматтары. Айына 120-150 мың теңге көлемінде жалақы төлейтін мекеме амалсыз шетелдік жұмыс күшін тартуға мәжбүр болып отыр. Оның өзінде де жұмысшы жетпейді. Ал мұндай жұмыстарды жергілікті тұрғындардың істегісі келмейді.

Алмас Ізтілеуов, серіктестік директоры:

- Жұмыспен қамтумен жұмыс атқарамыз. Бізге адамдар жіберіп отырсын деп. Қалай адамдар болады, жіберсін деп. Олар айына 5-6 адам жібереді. Оның арасында келгендері де бар, бір күн істеп кетіп қалатындары да бар. Мүмкін намыстарына тиетін шығар. Оңай жұмыс емес. Сондай бір қиыншылықтар бар. 

Екі қолға бір күрек таппағандардың жалақыға көңілдері толмайды. Ал кейбірі қара жұмыс істеуге намыстанады.

БЛИЦ: 

- Үкіметтің айтуы бойынша орташа жалақы 250-300 мың дейді. Кем дегенде 250 мың болуы керек деп ойлаймын. 

- Бір еріншектік басып кеткен көп жастарды. Өзім де көріп жүрмін. Арланып, намыстанады қара жұмыс жасауға. Бірақ егер нанға ақша таба алмай жүрсе оның несін арланады.

 Биыл мұнайлы өңірдегі маусымдық жұмыстарға 400-ге жуық шетелдік келеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 процентке төмендеген. Десе де, дала жұмыстарын атқаруға жергілікті тұрғындар әлі де ыңғай танытар емес.

Мейрамбек Алдияров, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Атырау облысы мұнайлы өңір болғаннан кейін жергілікті тұрғындар мұнай-сервистік компанияларда қызмет атқаруға ниет білдіреді. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының маусымдық қызмет болғандықтан олардың жұмыс күндері нормаланбаған. Яғни таңертеңнен кешке дейін және демалыс күндері де қызмет атқара береді. Сонымен қатар олардың орташа жалақысы 150 мың теңгені шамамен құрайды. Сол себепті жергілікті азаматтар ондай жұмыстарға барғысы келмейді.

Қазір облыстық жұмыспен қамту басқармасы жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Жастар практикасы», «Менің алғашқы жұмыс орыным» секілді бағдарламаларды қолға алған.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин