Қарағандының кей аудандарында асфальт қармен бірге еріп кеткен

Салдарынан жүргізушілер мен жолаушылар жол азабын тартып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала әкімдігі биыл 26 шақырымға тағы 1,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалатынын айтады.

Бұл осыдан бірер жыл бұрынғы видео. Сол кезде Қарағандының Михайловка ауданындағы жолдар толық жөнделіп, пайдалануға берілген. Бірақ жиектері жоқ, салдарынан көлік апаты жиі тіркелетін. Мұнтаздай жол көпке бармай, кепілдеме аясында жыл сайын тағы да шұрық-тесігі жамалып тұрды. Кепілдеме бітті, қазіргі сиқы мынау. Тағы да апатқа түскен көлік шанағының қалдықтары. Жол бойында көлігі сынып қалған жүргізушілер. Қай-қайсы да сапасыз жолдан мезі болған.

Дәл осы жолдар арқылы облыс орталығынан Абай, Шахтинскіге, тағы бірнеше кентке баруға болады. Іргелес қаладан облыс орталығына келіп жұмыс істейтіндердің нөпірі көп екенін ескерсе, екі көлік қатар өте алмайтын жол үлкен кептеліс пен қауіп тудырады. Тіпті жол маңында тұратын тұрғындар да шұңқырдан қашқандар үйдің іргесін бұзып-жарып кіреме деп алаңдап отырады.

Бауыржан Идрышов, қала тұрғыны:

- Бір фирма бар, солар жеңіп алады, шәйнекпен құйып жүреді асфальтті, бұлай болмайды ғой десе, бізге келер жылы да жұмыс керек деп айтады. Мына жерге өмірінде бір трактордың ізі түсіп көрген жоқ. Қалай тұр, сол бойы, қысы-жазы батпақтан арыла алмаймыз.

Ал салаға жауапты мамандар бірқатар жолдың бүлінуіне газ жүйесін тартқан фирманы кінәлап отыр. Сөздерінше олар өз есебінен қалпына келтіруге міндетті. Ал шұрық-тесік болған көшелердің кейбірі орташа деңгейде жөнделмек.

Нұржан Тасмағамбетов, қалалық авомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Аталған көшелер бойынша биыл Прогресс көшесі орташа жөндеден өтеді. Жұмысты осы айдың соңы не келер айдың басында бастау жоспарланып отыр. Баженова көшесі бізде әлі де кепілдемеде. Оның үстіне онда да су құбыры мен газ жүйесі тартылған, оны өздері қалпына келтіреді. Жалпы Қарағандыда биыл 26 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бұл жұмыстарға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді.

Атап өткен жөн, қала бойынша биыл 24 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, қалғандарында шұңқырды жамау әдісі қолданылады. Еске салсақ, өткен жылы ел Президенті өзінің твитер аккаунтында жолдарға қатысты сын айтып, қаржының тиімсіз игерілетініне шүйліккен болатын.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев