Жолдың нашарлығынан ауылға автобус келмейді – Ақтөбе

Ақтөбенің іргесіндегі елді мекенге автобус келмейді. Өйткені қар еріп, су жүргенде онсыз да кетеуі кетіп тұрған жолдар шұрық тесіліп, жүруге келмей қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал таңмен таласа тұрып, мектеп не жұмысына асыққандар жаяулатып, көрші елді мекеннің аялдамасына барады. Қоғамдық көлікті үздіксіз пайдаланып отырған Оңтүстік-батыс 2 елді мекенінің тұрғындары көктем келгелі қара жаяу қалған. Себебі қар еріген соң автобустың ауыл жолдарымен жүруі қиындапты. Ал кей жердегі ойықтардың тереңдігі көрінген соң ауыл ішіне кіруді мүлде қойған. Өйткені көліктің өзіне де қауіпті екен. Салдарынан тұрғындар көрші тұрғын үйлер алабындағы аялдамаларға дейін жаяу барып жүр.

Үш жетідей болып қалды-ау деймін. Қазір мына мектепке баратын балаларға қиындау. Қатынас жоқ. Ертең докторға баруым керек, анау жаққа жаяу баруым керек автобусқа мінуім үшін. Бір жарым екі шақырым.

Осы жақта дүйім халық оқушылар, студенттер, жұмысшылар. Таңертең осылай сарылып барамыз, сарылып келеміз. Аяғымыз ауырып шаққа келе жатырмыз, демалып-демалып. Мынау не деген масқара? Бұл қай уақытта жол түзеледі?

Бізге кіру керек ол автобус. Соңғы аялдама, әне, шетте. Айналып келеді, айналып қайтады 5-10 минуттай. Сол кіре алмай тұр. Машинамыз сынып қалды дейді бір-екі жерінде. Анау жерде қораланып 4-5 тұрады. біз соған барып жаяу, баламыз бар, шағамыз бар, кемпіріміз бар мінеміз.

Бұл елді мекенге былтыр ғана жаңа автобустар жіберілген еді. Қатынау арақашықтығы да біраз қысқарып, тасымалдау сапасы артқан болатын. Алайда екі бірдей көше жолындағы ақаулардан қазір ол жағдай арманға айналып отыр. Төрт мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы жолдың жағдайын Ерғұлан Бүркітов секілді белсенді азамат жауапты мекемелерге талай жеткізген. Себебі төселгеніне 10 жылдан асқан асфальт жамылғысы әлдеқашан үгітіле бастапты. Ал биылғы қар суы тіпті бірнеше жерден ойып жіберген.

Ерғұлан Бүркітов, «Оңтүстік-Батыс 2» елді мекенінің тұрғыны:

– Былтыр ұсынғам маған мына центральный көше – Қазақай ахун, сосын ана бірінші көше Құрманғазы соны асфальттап беріңіздер деп. 11 км. біздің «Юго-Запад 2» асфальт түседі деді. Бірақ проект жасалғанмен, экспертиза дей ма, тағы басқа документтері дайын болмаған. Биылғы планнан қалып тұр енді. Әлде де сол әкімшілік түсінер деп ойлаймыз.

Елді мекендегі жолдың жайынан әкімдік өкілдері де хабардар. Бірақ оны жаңалау кезекпен жүретінін айтады. Себебі ауыл түгілі, қаланың көлік қарқыны басым бірнеше көшесіндегі асфальт жамылғысы жылдағыдай қармен бірге еріп кеткен. Сондықтан негізгі күш алдымен сол жаққа жұмсалмақ. Дегенмен «Оңтүстік батыс - 2-ге» автобус кіретін жағдай жасалатын болды. Өйткені мұнда жолаушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазір күніне екі мыңға жуық адам тасымалданады.

Әділбек Танкеев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Көктемгі қар ерігеннен кейін жолдың отыруы бар. Ол мәселе жөнінде қазір біздің арнайы қызметкерлер шығып, жолды зерттеп жатыр. Ол жөнінде біздер білеміз. Қазір толықтай зерттеп, 2-3 күннің ішінде шарасын алып, орнына келтіретін боламыз.

Қоғамдық көлік жүретін жолдары бұзылған қала аумағында елді мекендерде жөндеу жұмысы алдағы күндері қарқын алмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев