Теңізшілер неге ардагер мәртебесін ала алмай жүр? – Қызылорда

Теңізшілердің базынасын тыңдаған арна тілшісінің материалын ұсынамыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайқы берет киіп, жағасын жайып тастаған теңізші стиліне қызықпайтын жан жоқ. Бірақ сол теңізшілер әскерден соң қайтеді? Бар күш-қайратын теңізге беріп, демалысқа шыққанда ешкімге керек болмай қалдық, дейді әскери флот ардагерлері. 1-рангтік фрегатпен 3 жыл бойы 3 мұхит 7 теңізді шарлаған Бақытбек Жаханов ауыр тапсырмаларды орындауға атсалысқанын айтады. 1986жылы Иран мен Ирак соғысы кезінде Парсы шығанағындағы әскери қимылдарға қатысқанын ерекше тебіреніспен еске алады. Ол кездегі жас сарбаздың міндеті азаматтық кеме, танкерлерді күзету және олардың кедергісіз қозғалуына қауіпсіз жол ашу. Толқыны тулаған теңіздегі талай крейсерлер шайқасына куә болған жауынгер бүгінде ардагер мәртебесін ала алмай жүр.  

Бақытбек Жаханов, әскери теңіз күштерінің ардагері:

– 2020 жылы 6 мамырда Қазақстанда ардагерлер заңы шыққан. Ол заңға 4 категория кіреді: тәжік-ауғандар, таулы Қарабақ, Ирак пен Чехословкия. Ол жерге Парсы шығанағы қосылмады. 2019 жылдың желтоқсанынан бері Мәжіліс, Сенат депутаттарына, Қорғаныс министрлігіне, Еңбек министрлігіне жазғанмын. Одан ешқандай нәтиже болмай тұр. 

Арал ауданы Аманөткел ауылының тұрғыны Бақытбек Ізбасқанов та – Парсы шығанағын минадан тазалауға үлес қосқан сарбаздың бірі. Кеме тұмсығында тұрып айдын бетін жіті бақылап, жарылғыш затты алыстан байқаған ол өз қолымен қалқымалы 3 минаны жарып жіберген. Қауіпті әскери нүктелерде борышын өтеген сырбойылық теңізшілердің назардан тыс қалғанына қынжылады.   

Бақытбек Ізбасқанов, әскери теңіз күштерінің ардагері:

Сол азанғы 6-ның кезінде америкалық танкер жарылды. Ол бізге жақын жерде болды, қауіп төнді. Жан-жақтан азаматтық буксерлер келіп, суды шығарып алып кетті. Осындай оқиғаларды Қазақстанда ешкім білмейді.

Соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетілгенін тәжік-ауған шекарасын күзеткендер де қалайды. Қазақстанның ержүрек ұландарының есімі бізден гөрі көрші елдерде көбірек еленетінін айтады.

Марат Орынбайұлы, облыстық тәжік-ауған ардагерлері одағының төрағасы:

– Тәжік-ауған шекарасында болған қазақстандық азаматтардың ерлігі әрқашанда ел есінде қалсын деп Душанбе қаласында көше берілген, мектептің аты берілген. Сондай Қызылорда да болса екен деп ойлаймын. Жансүгіров Жақсылыққа, Есетов Қанатқа, Әбиев Ержанға көше, мектептің аты берілсе.  

Сонымен санаулы теңізшілерге ардагер мәртебесін алудың жолы жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасы мен ардагерлер кеңесіне сұрау салдық. Ләм-лим деген жауап болмады, сұхбат беруден бас тартты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин