Теріскейдегі жер дауы бітер емес 

Солтүстік Қазақстан облысының бір ғана ауданында халық өздеріне тиесілі 100 мың гектардан астам жерден айрылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Шал ақын ауданындағы ауыл шаруашылық алқабының 40 проценті. Егістік алқаптарын кезінде серіктестіктер түрлі жолмен не сатып жіберген, не банкке кепілге қойған. Ал алақандай жері жоқ 10 мыңға жуық тұрғын бірнеше жылдан бері соттасып келеді. Бірақ, нәтиже жоқ. Ал, бұл жалғыз осы ауданға тән мәселе емес. Ашынған халық, Үкімет жанындағы жер реформасы жөніндегі комиссия өкілін аймаққа арнайы шақырып, Ғабит Мүсірепов ауданында жиын өткізді. Жиынға үміттерін үкілеп келген тұрғындар алқалы мәжіліске уақытынан екі сағат бұрын жиналды. Олар үшін Чистополье ауылының мәдениет үйі арнайы босатылған. Сонымен 4 ауданнан келген ауыл халқы 240 орындық залға әрең сыйды. Ортаға шығып, сөйлеймін деушілер де көп болды. Бәрі де мәселесін бүгін тағы бір көтеріп, оның тезірек оң шешілгенін қалайды. Бірақ микрофон негізінен тек елді мекеннің атынан келіп отырған делегаттарға ұсынылды. Ал келтірген деректерге құлақ түрсек, жерді жоғалтып жіберген кәсіпкерлердің жымысқы әрекеттері мен қулығына құрық бойламайды. 

Талғат Әбілпейісов, белсенді:

Бәленің бәрі біздердің шаруа қожалықтарымыз «Әліби-Агро» атты алып холдингтің құрамына қосылған кезден басталды. Оның қарамағына солтүстіктегі 25 шаруашылық өтті. Ал олардың жалпы жер көлемі 1 млн гектардан асады. Міне, сол холдинг біздің қожалықты несие алуға итермелеп, әбден қарызға батырды. Несие сомасы 4 млрд 700 млн теңге болатын. Ақырында іс сотқа жетіп, 16 мың гектар жерімізден айрылып қалдық. Оны қайтару үшін бізге аукционға қатысуға да мүмкіндік берілмеді. Сөйтіп, соңында біздің жеріміз күрделі алаяқтық схеманың желісімен «ҚазАгроға» беріле салған.

Басқа ауылдардағы жағдай да осыған ұқсас. Жер банкке кепілге қойылып, ақырында басқа кәсіпкерге бәс сауда арқылы сатылып кеткен. Бірақ сол аралықта заңсыздықтарға көп жол берілген, – дейді белсенділер. Оның бәрін істі әбден зерттеп, байқаған ауыл тұрғындары, сотқа бірнеше рет шағым түсіріпті. Бірақ неге екені белгісіз, кейде судьялар бұлтартпас айғақтардың өзін назарға алмаған.

Жансұлтан Өтегенов, заңгер:

Біздің жағдайымызда былай боп тұр. Судебный эксперт назначать еткен. Сонда былай шығып тұр: печать, сол ТОО «Агрофирма Жер-Ананың» печать емес деген шығып тұр және де сол 2016-2017 жылдардағы протоколдардың извещениеларындағы директордың қолы оныкы емес боп шығып тұр. Басқа қойған 800 үлескердің сол моменттен баяғыда қайтыс болғаны бар және кейбіреулерінің қолдарын экспертизамен дәлелдеді, ол да, олардың қолы емес екенін. Ал бүгінгі күнде сот осы эксперттардың тұжырымын дұрыстап қабылдамай, бізге отказбен үкім шығарды.

Сот билігінен көңілі қалған тұрғындар Президент әкімшілігіне дейін хат жолдапты. Алайда жоғары жақтан үлкен үміт күтіп отырған кезде олардан да қайыр болмағаны қатты қынжылтады.

Орынбай Атығаев, Қарақамыс ауылының тұрғыны:

– Біз ауданнан бастаған хатымызды әне-міне деп администрация Президентаға жеткізген кезде ол қайтадан отпискамен облысқа келіп, облыстан районға келген. Сол районның адамдары 2 жыл бұрын мәселені шеше алмаған адамдармен қайтадан отырып, осы мәселені талқылағанда біз анау зум-конференциямен шынын айтқанда күлдік. Өздері де күледі да. Осындай міне, жүйе. Осындай жүйемен біз алысқа бармаймыз.

Мәселе созылған сайын халықтың күнкөрісі де қиындап барады. Себебі ауылда тұратын қарапайым отбасына жерсіз жан бағу мүмкін емес. 

Наталья Седых, Арықбалық ауылының тұрғыны:

Мен жақында 70-ке толам. Осы жасқа дейін мен жем-шөптің дәл бүгінгідей қымбаттағанын көрмеппін. Біздің Арықбалықта малға беретін бидай қолжетімді болатын. Ал қазір астық та ала алмай отырмыз. Жайылым мен шөп шабатын жер де жоқ. Тіпті 2 тауық асыраудың өзі қиын боп кетті. Сонда қалай күн көреміз?

Айта кетейін, аталған жиынға теріскейдегі бір емес, бірнеше ауданның халқы келгенмен, облыстық әкімдіктен бірде-бір адам болмады. Жергілікті аудан әкімі болса, менің де қолымнан келер шара жоқ, – дейді.

Серік Мұхамедиев, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Біз бірінші кезекте атқарушы билікпіз. Заңда не айтылса, соны орындаймыз. Ал мына жерде серіктестіктер мен халық арасындағы мәселе азаматтық-құқықтық іске жатады. Дегенмен халыққа барынша көмектескіміз келеді. Сол үшін де қазіргі жер иеленіп отырған кәсіпкерлерден ауыл тұрғындарына қандай да болсын материалдық үлес беріп отыруды сұрап жатырмыз. Ал «жер қайтарылсын» деген талаптарыңыз заңмен қолдау табатын болса, біз оны қуана қабылдап, орындауға дайынбыз.

Ал облыстық прокуратура жер мәселесіне кінәлі деген тұлғалардың алды сотталып жатқанын және тағы бірқатар қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Жиында белгілі болғандай, мұндай мәселе тек солтүстікте ғана емес, көрші облыстар мен еліміздің өзге өңірлерінде де бар екен.

Мұхтар Тайжан, жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі:

– Маған қазір Шымкент қаласы, Қызылорда, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан хабарласып жатыр. Оларда да тура осындай мәселе. Мен енді осы проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға оң өзгерістер енгізуге күш салам.

Бірақ жер мәселесімен жылдар бойы соттасып, қатты шаршап, әбден ашынған халық, тек жер комиссиясымен ғана шектелмек емес. Олар енді Президенттен зор үміт күтеміз, – дейді. Сөйтіп, жиын соңында ауылдықтар Мемлекет басшысына бейне үндеу жолдады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный