Маңғыстау облысында бекірені заңсыз аулағандар ұсталды

Шекарашыларға жаңа ғана хабарлама келіп түсті. Аталған координата бойынша браконьерлердің торы анықталды. Теңіз сақшылары дереу сол жерге аттанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудың ұзындығы 2 метрден асады. Шекарашылардың айтуынша, браконьерлер торды күн батқанда құрады. Ал, таң атысымен балықтарды жинауға шығады. 1 түнде ауға кефаль сияқты ұсақ балықтан бөлек бекіре де шырмалып қалған.

БАҒЛАН ЖАНИҚҰЛОВ, ҚР ҰҚК ШҚ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ КЕМЕ КОМАНДИРІНІҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

– Қазіргі таңда бірлескен жедел алдын алу шаралары болып жатыр. Сол шараларға біздің кемеміз қатысып жатыр. Соған орай 31 наурыз 13 сәуір аралығында біз жауынгерлік қызметке шықтық. 3 адамға әкімшілік құқықтық хаттама толтырылды. екеуі түнгі уақытта кіші жүзу құралымен теңізде жүргені үшін хаттама толтырылды. Соңғы жауынгерлік қызметімізде Баутина аймағында болғандықтан жергілікті жердегі адамдар болды.

«Бекіре» жедел алдын-алу шарасы аясында 2 апта бойы шекарашылар теңізді барлап, браконьерлердің жолын кесті. Осылайша, торға түскен 350 бекіре балығын босатқан. Бұдан бөлек, ауға шырмалып қалған Каспий эндемигі – итбалық та құтқарылған.

Фархад Мирманов, ҚР ҰҚК ШҚ Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзеті басқармасы бастығының орынбасары:

– Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл торға түскен итбалық саны артқан. Өткен жылы 14-ін, биыл 33-ін құтқардық. Қазір бекіре ғана емес, итбалық та көбейетін кез. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам шаянды шығардық. Әзірге жергілікті азаматтар ғана, Ресейден, Әзірбайжан мен Дағыстаннан заң бұзушылар анықталған жоқ. 

Сәуір айының басынан 47 адам ұсталып, жарты миллионнан астам айыппұл салынған. Аталған шара шілде айына дейін жалғасады. Басты мақсат – уылдырық шашу кезеңі басталған бекіре балығын заңсыз аулауды тоқтату.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев