Түркістан облысында жағалаудан 5 тонна қоқыс шығарылды

Балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған Шардара су қоймасы – Оңтүстіктің көз қуанышы. Алайда жағасына келіп жанына сая іздеген тынығушылар мен әуесқой балықшылар қайтарында қалдықтарын – көл  жағалауына тастап, отырған орындарын ластап кетеді. Табиғат жанашырлары босаған бөтелкелер мен шашылған қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейірбек Әбсадық, ерікті:

– Демалатын адамдар өздері әкелген заттар қоқыс жәшігіне тастаса, болмаса қапқа жинап қойса шашылмайтындай етіп. Сонда жан-жақтың бәрі жақсы көрінеді, оның үстіне балықтарға зияны тимейді. Жылда осы жерді тазартып, қоқыстарды тазалап, жағажайды жинастырамыз.

Мамандардың айтуынша, соңғы 2 жылда оңтүстікте қыс болмауына байланысты әйесқой балықшылар қызы-жазы осында балық айлайды. Одан бөлек жаз айларында қаланың шуынан қашқандардың барлығы осында жиналады. Жағалауды таза ұстау бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенімен нәтиже шамалы дейді.

Шәкен Боранбай, Балық шаруашылығы инспекциясының түркістан облысы бойынша бөлім басшысы:

– Жалпы келешекте халықтың үйдегі отбасынан бастаса деп ойлаймын. Қоқыс тастамаңдар деген сияқты. Қорықшыларға да түсіндіреміз рұқсат қағаз беретін кезде балықшыларға айтып, қолдарына қап беріп, кетер кезде жағадағы бункерлерге тастаса, табиғат пайдаланушылар өздері алып кетеді.

Өткен жылы «Таза су айдындары» республикалық акциясы аясында Түркістан облысында 2 мың шақырым жер тазаланып, 70 мың тонна қоқыс жиналған. Ал биыл бір күнде Шардарада бес тонна қоқыс жиналып, 30 мың метрге жуық иесіз балық аулау торы анықталды. Қаскөйлердің бұл әрекетін айыппұл да тоқтар емес.

Пазылбек Нәлібаев, Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

– Заңсыз белгіленбеген жерлерге төгіп тастайтын адамдар да болады. Қылмыстық іс қозғалса айыппұл болмайды. Өздерінің тиісті жазасын алады. Ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл 17 мың теңгеден басталып, кете береді. Табиғатты қорғау – еліміздің үшін маңызды мәселе. Сондықтан бұл іс жалғасын таба береді.

Экология министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің табиғатты қорғауға арналған тазалық акциясына 200-ге жуық табиғат жанашырлары мен 15 техника жұмылдырылды. Іс-шара 31 мамырға дейін жалғасады. Айта кетейік, наурыз айында осы Шардара су қоймасында шабақ қырылып, олардын сынама алынған болатын. Қазір сол бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов