СҚО-да Ботай қонысынан адамның бас сүйегі табылды

Археологтар үшін үлкен олжа болған бас сүйек Айыртау ауданының Никольское ауылы маңынан табылыпты. Ол шамамен 40 жастағы адамға тиесілі дейді мамандар. Қазір жәдігер Алматыда қалыпқа келтіріліп жатыр. Ал, содан соң жан-жақты зерттеу үшін Башқұрстанның Уфа қаласындағы арнайы сараптама орталықтарына жіберіледі.

Қуаныш Шақшақов, «Ботай» музей-қорығының директоры:

– Қазір біздің басты міндетіміз – осы бас сүйекке ДНК сараптамасын тағайындап, оның нақты кімге тиесілі екенін, сондай-ақ сол адамның тегі мен жынысын анықтау. Ал, одан кейін пластиканың көмегімен бұған басқа бет жасатып, 6 мың жыл бұрынғы ботайлықтың түр-келбетін көрсек дейміз.

Ал, 1983 жылы табылған бас сүйектің де өз ерекшелігі бар. Онда екі ойық жасалған. Бұл – хирургиялық операцияның іздері. Сондықтан Ботай мәдениетін мекендеген адамдар медицинаны ерте меңгерген, - дейді, археологтар. Алайда олар жайлы толық зерттеуге мүмкіндік болмай тұр. Себебі қазба барысында кісі сүйегі мүлдем кездеспейді.

Әйгерім Айдарбекова, «Ботай» музей-қорығының бөлім жетекшісі:

– Бір тұрғын үйде шамамен орта есеппен алғанда 30 адам тұрған. Ал, жалпы бір қоныста 500 қонысқа дейін болған. Енді есептесеңіз, сол кезде көп адам бір қоныс боп өмір сүріп жатқан. Бірақ олардың барлығының қаңқалары, сүйектері, қалдықтары қайда қалғаны әлі күнге бізге құпия боп келеді.

Жалпы Ботай мәдениетінің қоныстарынан бүгінге дейін 2 мың шаршы метрден астам аумақ қазылып, ол арадан 4 жарым мыңға жуық жәдігер табылған. Зерттеу жұмыстары 40 жылдан астам жүргізіліп келеді. Бірақ осы аралықта тек 2адамның ғана бас сүйегі кездескен. Ал, қалған дене мүшелері мүлдем жоқ. Табылатыны – үнемі жылқының қаңқасы. Осы жайттардің бәрі археологтардың қызығушылығын арттыра түскен. Бұйыртса биыл бұл маңай одан әрі зерттеледі.

Археологиялық қазба жұмыстарына өскелең ұрпақты да қызықтыру үшін мұндағы мамандар «Ботай»қорық-музейінің бір бұрышынан мынадай инсталяция жасап қойған. Бұл жерге оқушылар келіп, алысқа бармай-ақ осы жерден даладағы қазба жұмыстарының қалай жүргізілетінін өз көздерімен көріп, тікелей қолмен ұстап сезіне алады. Мәселен мына топырақтың астында түрлі сүйектер, түрлі құмыралардың сынықтары жасырылған. Соны қалай дұрыс қазып алуды көрсетеді мамандар. Мәселен мына бір қыш ыдысты біз қазып алайық. Өте мұқият болу керек. Себебі қандай да бір жәдігерді қазып алу барысында оны зақымдап алмау маңызды.

Ал, Ботай мәдениеті жайлы қызықты деректерді халыққа жеткізіп, тарихымызды көпшілікке таныту үшін осы жазда Лобанов ауылының жанынан визит орталық салынады. Оның ғимараты таға бейнесінде бой көтермек. Одан бөлек алдағы жылдары Никольское елді мекенінен, яғни, Ботай қонысының дәл іргесінен археологтар үйінің құрылысы басталады. Ал, онда ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен айналысуына барлық жағдай жасалмақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный