Жаңаөзенде ауыз су кестемен беріледі

160 мың тұрғыны бар Жаңаөзенге бүгіннен бастап ауыз су кестемен беріледі. Тіршілік нәрі сәуір мен мамырда таңғы сағат 5-тен кешкі 11-ге дейінгі аралықта жіберіледі деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауаптылардың айтуынша, бұл – қалада ауыз су тапшылығын болдырмау үшін жасалған амал.

Мәселе 2024 жылы толық шешілуі тиіс. Ол кезде тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщытатын зауыт құрылысы аяқталады. Тұрғындарға оған дейін әсіресе жаз айлары су қорын жинақтап, бау-бақшаны тамшылатып суаруға кеңес беріледі. Қазір Жаңаөзенге қарайтын Рахат және Теңге ауылында ауыз су тек жарты тәулікке беріле бастады.

Мақсат Сарыбаев, коммуналдық мекеме басшысының орынбасары:

Жаңаөзен қаласына ауыз су 2 көзден жеткізіледі. Біріншісі –  «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы Еділ өзенінің суы, екіншісі – «Түйесу және Сауысқан» кен орындарынан шығатын жерасты артезиан суы. Жаз мезгілінде қаламызға тәулігіне 40-42 мың текше метр су талап етіледі. Жеткізу мекемелердің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты 31-32 мың текше су беру белгіленіп отыр. Барлық үйлерге тең жеткізу мақсатында кестемен реттеліп беріледі.