Қарағанды облысында 100 мың гектар ауылшаруашылық жері игерілмей отыр

Қарағанды облысында 100 мың гектар ауылшаруашылық жері игерілмей отыр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 100 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық жері ұзақ жылдар бойы игерілмей келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді оны сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып, мұқтаж шаруаларға үйлестіру керек. Бірақ бұл жұмысты тежеп отырған бірқатар кедергі бар.

Бүркітті ауылының тұрғыны Ақылбек Қарамурзин 2017 жылы 220 гектар жер алып, арпа егуді бастаған. Енді егістік алқабын одан әрі кеңейтіп, шаруашылығын дамытайын десе, елді мекен маңында бос жатқан жер жоқ. Барлығын құрығы ұзындар бөліп алған. Ең сорақысы, құнарлы жерлер қурап жатыр екен.

Ақылбек Қарамурзинов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Округта жер жоқ. Үлкен шаруашылықтар бар мұнда, Кент Агро деген секілді. 13-15 мыңгектар жерге дейін алған. 5-6 жыл болды, одан да көп асып кеткен шығар қолданылмай жатқанына. 1000-1500 гектар ғана салады. Қалған жерлері қолданылмайды, шөп басып жатыр. Алайық десек, ол кісілер тапсырмайды.

Қазір Қарқаралы ауданындағы 808 шаруа қожалығының иелігінде 1 миллион 700 мың гектар жер бар. Өкінішке қарай, олардың қаншасы жерді мақсатты пайдаланып отырғанын анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Тексерейін десе, мараторий жарияланған. Оның үстіне біраз жер телімі банктерге кепілге қойылып кетіпті.

Тоқтар Көпжасаров, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

- Қоянды селолық округінде «Жайма» шаруа қожалығында бүгінгі күнге 53 мың гектар жер кепілдікке қойылып, сол жұмыстарды біз бүгін жүргізіп жатырмыз. Ол шаруашылық бүгінгі күні нақты жұмыс жасап тұрған жоқ. Өзі біздің Қоянды селолық округінде тұрмайды. Ол кісі Павлодар облысының азаматы. Бүгінгі күні біз ол кісіге тек почта арқылы тиісті құжаттарымызды жіберіп отырмыз. Бірақ ол кісіден бүгінгі күнге еш жауап жоқ.

Енді осындай сырттан келетін қалталылар жерді алып қоймас үшін биыл тиісті заңға өзгеріс енді. Яғни жерге байқау жариялап, жеңімпаздарды анықтайтан кезде жергілікті жұртқа басымдық беріледі. Көктас ауылындағы Нұрбол Латипов жаңа заңның жемісін көріп отыр. 

Нұрбол Латипов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Малдың басы өсіп жатқаннан кейін конкурсқа түсіп, заңды түрде жер бөліміне құжаттарымызды тапсырып, малдың мөлшеріне қарай жер берілді, 3250 гектар. Көлдің жағасында қазір мал ұстап жатырмыз. Шабындық, жайылымдық жер.

Жалпы, жыл басынан бері аудандағы 97 мың гектар жерге байқау жарияланып, оны жергілікті 56 шаруа қожалығы жеңіп алған екен. Ал 9 шаруашылық иесі игермей жатқан жерлерін мемлекет меншігіне қайтарған.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев