Қаңтардағы қырғыннан зардап шеккендерге 95 млн теңгеге залал өтелді – ІІМ

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары заңдылық пен құқықтық тәртібін қалпына келтіру, құқық бұзушыларды анықтау және азаматтарға келтірілген шығынды өндіріп алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарды және бұл жұмыстар жалғасуда.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов алдын ала нәтижелер туралы баяндады.

Оның айтуынша, жедел және сапалы тергеудің нәтижесінде ішкі істер органдарының тергеушілері 402 айыпталушыға қатысты 255 қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтап, сотқа жолдады. 

«Осындай істердің көптеген саны Алматы қаласының еншісінде – 183, Алматы облысы бойынша ­– 46 және Көліктегі Полиция департаменті бойынша 10 қылмыстық іс. Осы істер бойынша жәбірленушілерге келтірген шығынның орнын толтыру шамамен 95 миллион теңгені құрады. Бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полиция қызметкерлерінің ұрланған мүлкі табуы және алып қоюы, сондай-ақ өз істеріне өкінген айыпталушылардың келтірген шығынды өтеуі есебінен қамтамасыз етілді. Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралардың негізінде Алматы қаласы бойынша 65 млн астам теңгеге, Алматы облысы бойынша 16 млн теңгеге, Жамбыл облысы бойынша 3 млн астам теңгеге келтірілген залалдың орны толтырылды, көліктегі полицейлер 10 млн астам теңгеге шығынның өтелуіне қол жеткізді», – деді Әділов мәліметтерді келтіре отырып.