СҚО-да 30 жылдан бері ауыз суға зәру болып отырған ауыл бар

Солтүстік Қазақстан облысында қала іргесіндегі Пеньково ауылының тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

900-ден астам үй түтін түтетіп отырған елді мекенде тұрғындар тіршілік нәрін қаладан тасып ішуге мәжбүр. Осылайша аталған мәселе уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Қызылжар ауданына қарасты Пеньково ауылы облыс орталығынан он шақырымдай ғана жерде орналасқан. Қала іргесінде тұрса, да тұрғындар таза судан таршылық көріп отыр.

Қайырбай Мағжанов, Пеньково ауылының тұрғыны:

– Кімнің көлігі бар тасып ішеді қаладан, ал кімнің көлігі жоқ, міне, мынадай құдықтан ішеді. Бұл су ішуге жарамсыз. Жәй ыдыс-аяқ жууға ғана жарайды. Бірақ амал жоқ, ішесің. Баяғы Кеңес үкіметі замамында бәріне де су тартты. Мен осы жерден 200 шақырым жерде тұрғам. Жетпісінші жылдары бізге келді су. Ал мында әлі жоқ. 

Қазір ауылда 900-ден астам шаңырақ бар. Халықтың көбі өздері құдық қазып алған. Алайда жер астында су тапшы. Салдарынан ауылдағы ағайын бау-бақшамен де айналыса алмай отыр. 

Ардақ Құдайбергенова, Пеньково ауылының тұрғыны:

– Құдықтағы су кір жууға да жетпей қалады. Оның өзінде лас. Ауылда тұрған соң мал ұстасақ дейміз. Бірақ мүмкіндік жоқ. Ішуге жолдасым қаладан ала келеді. Әркез үнемдеп отырмыз. Қиын, әрине.

Аталған елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі мүлде болмаған. Мәселені шешу үшін 2018 жылы Соколов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі басталған еді. Алайда,қазір шаруалар тоқтап тұр.

Сабыр Ештаев, Пеньково ауылының тұрғыны:

Талай жыл осы суды күтіп отырмыз. Қандай программалар болды. Қаланың жанындамыз. 10 шақырым жер. Ұят емес пе? Бізге тіптен обал енді, ауылдың кісілеріне. Ана жылдары өткір проблема болмаған шығар. Биыл негізі су жоқ. Бір-бірімізден қыс бойы су тасыдық. 

Жобаны «Қазбайлық Астана» серіктестігі жүзеге асыруы тиіс еді. Алайда жұмыстарға немқұрайлы қараған бас мердігердің ісі сотқа жетті

Қуандық Шоқыбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары: 

Сәуір айында сот процесстері толығымен аяқталуы керек. Мен өзім жақында жобалау институтында болдым. Бүгінгі күні жобаға  сараптама жасалып жатыр. Сметалық құжаттар мамыр айында дайын болады. Комитеттің мәліметінше осы жұмыстардан соң құрылыс басталады.

Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл жоба 2023 жылы аяқталады. Сол кезде 9 мыңға жуық халық тұратын оннан астам елді мекен таза сумен қамталады. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев