Мойнақ су бөгетінен каналдарға әлі су жіберілмей жатыр – ШҚО

Мойнақ су бөгетінен каналдарға әлі су жіберілмей жатыр – ШҚО

Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданында бес бірдей ауылдың шаруалары биыл тағы да тақыр алқапқа қарап қалатын түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені сол жердегі Мойнақ су бөгетінен каналдарға әлі су жіберілмей жатыр. Бұл гидротехникалық құрылғы өткен жылы жарылып, диқандар егістігін суғара алмай, шығынға белшесінен батқан еді. Биыл да тура сол жағдай қайталанып отыр. Бөгет дұрыс жөнделмеді.Тұрғындардың айтуынша, «ҚазСуШар» мекемесі ешбір қам жасамаған. Не бөгетті қалыпқа келтірмей, не каналға су жібермей жер емген ауылдықтарды сабылтып қойған.

Күршімдік шаруалардың су сұрап шағымданып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бірақ олар сұрау салған «ҚазСуШар» мекемесінен әлі берде бір рет толыққанды жауап болмаған. Аталған мекеме дамбаның жайына емес, халықтан алынатын төлемге ғана көп көңіл аударады екен. Халық қазір күн сайын бөгет басына жиналып, шырылдап жүр. Өйтпеске амал жоқ. Өткен жылы көресіні көріп, шығынға белшесінен батқан. Әсіресе Сарыөлең, Барақ батыр, Бірлік, Алғабас ауылындағы жұртқа қиын. Ержан Қойлыбаев өткен жылы еккен алқабымнан жер сипап қалдым дейді. Енді биыл да еңбегім еш кете ме деп алаңдаулы.

Ержан Қойлыбаев, Сарыөлең ауылының тұрғыны:

– Мың түп помидор егетінбіз. 5 тонна шығатын еді, қазір ол жоқ, мөлшері 1,5 тонн алдық картопты үйдегі бақшаға егетінбіз 4-5 сотық екі тонна алушы ек, 12 қап картоп алдық, сәбіз баклажан бұрыш шықпай қалды күйіп кетті.

Ауылдықтар «ҚазСуШар»дың жұмысын  қалыпқа келтіретін заң бар ма деп ашынады. Тіпті аталған кәсіпорынның шаруашылық сызбасын да қолдарына түсіріпті. Бір қызығы ол жерде халыққа су сатып, төлем жинап отырған ауылдардың аты да, заты да көрсетілмеген. Әділхан Тұрсынханов осы жерде 40 жыл гидротехник болып қызмет еткен. Дамбаның қыр-сырын жақсы біледі. «Қазсушардан» күдер үзген ол бұл бөгетті жөндеудің жобасын да әзірлеп қойыпты.

Қарияның айтуынша, тым құрымағанда бөгетке бақылау жасалып ол үнемі аршылып отыру керек.Әйтпегенде күндердің бір күні дамбаны мүлдем су шайып кетуі ықтимал.Одан соң суды көтеруіміз неғайбыл дейді.Сонымен бүгінде ауыл тұрғындарынан маза қашты. Жергілікті билік өкілдері де жағдайдың қиын екенін растап отыр. Өткен жылғы келген шығын 103 миллион теңгеден асыпты. Ендігі жағдай да мәз емес.

Қуанған Қарағызов, Күршім ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Биылғы жыл өте күрделі болайын деп тұр, оның шынын айту керек, 4 ауылдағы шаруа қожалықтар биыл өнімсіз қалуы мүмкін. Казводхоз кәсіпкер былайынша айтқанда олар тиын санап отыр, басшылық айтады дейді келісімшарт жасау керек деп. Бүгінгі күнге ақшаны санамай, суды халыққа жеткізу жағын ойлау керек.

Ал «ҚазСуШар» мекемесінің өкілдері канал біздің теңгерімде болғанмен, бөгет біздікі емес деп отыр. Дегенмен өткен жылы жамап-жасқап жөндеген болыпты. Ендігі жауаптары «дамба алдымен Күршім ауданы әкімдігінің балансына өтуі керек».

Нұржан Әміржанов, «ҚАЗСуШар» РМК облыстық филиалының директоры:

– Күршім ауданы әкімдігі қабылдаған соң бізге республиканың меншігіне тапсырады.  Ол бізге тапсырылған соң республиканың меншігінен бюджеттен ақша сұраймыз. Жобалық сметалық құжатын дайындап қайта жаңғырту үшін.

Сонымен дәп қазір «Мойнаққа» мойын бұрғалы отырған ешкім жоқ секілді. Бұл тағы жер еміп отырған диқанның күнкөрісіне әсер етері сөзсіз. Осыдан соң «ауылдағы ағайынның» қалаға үдере көшуі жайлы сұрақты көтерудің өзі орынсыз дейді мұндағылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова Жігер Бабаханов