ШҚО-да тұрғындар лай су ішіп отыр

ШҚО-да тұрғындар лай су ішіп отыр

Осы Шығыстағы Прогресс ауылының тұрғындары сарғайып кеткен, сапасыз су ішіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы орталықтандырылған су жүйесі жиі істен шыққан. Инженерлік желілердің жөнделмегеніне екі жыл болды. Мамандардың айтуынша, өткен жылы тартылған құбырдың ішіне топырақ кіріп, су лайланған. Халық тұтынатын судың түсі мен иісі бір көргенде кәріз ағындысын еске салады. Бұл бейнежазбаны тұрғындар түсіріп, жергілікті билік өкілдеріне жолдаған. Әкімдіктегілер ауыл тұрғындарына суды уақытша тоқтатып тастауға ғана кеңес берді. Сумен қамтамасыз етті деген аты ғана, себебі ішуге жарамсыз. Судың жоқтығынан мектеп жұмысы тоқтап, оқушылар қашықтықтан білім алу форматына көшті.

Сандуғаш Амантай, ауыл тұрғыны:

– Балалар екі апта бойы мектепке барған жоқ. Су жоқ. Бұған дейін де осындай мәселе болған. Әбден шаршадық. 

Мына жерге су кіріп кетті, тесіктен. Магистраль келетін жерден. Ішін тазалап, батпағын алып, орнына келтірді.

Ауылдағы сорғы станциясын жөндеу кезінде қателіктер кеткен. Коммуналдық қызмет өкілдерінің мәліметінше, желілерге топырақ суы кіріп кеткен. Салдарынан құбыр жиі істен шыға берген. Ауыз су сапасы да бұзылған. Аудандық арна инженерлері енді сұр түсті суды хлормен тазартуды шешкен. Бірақ ешқандай кепілдік жоқ. 

Наталья Булгакова, «Теплоэнергия» МКК-ның инженер-экологі:

– Біз суды залалсындандыру мақсатында арнайы мекеме мамандарын жалдадық. Жүйені тазартып, тіршілік нәрін хлормен залалсыздандырамыз. Ауылға таратылатын су ластанып кеткен. 

Жергілікті әкімдік мамандары су құбырының жұмысын бірнеше аптадан соң қалыпқа келтіруге уәде берді. Бұл мердігер ұйымның мойнында.

Толқын Касенова, Кожохов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

– Болып жатқан жағдайларға акт жасалды. Хабарлама берілді подрядчикке. Келісімшартта көрсетілген бір жыл кепілдік бар. Ол екінші мамырға дейін жойылу керек сол болып жатқан бұзушылықтар.

Тұрғындар құбыр тартқан мамандардың жұмысына наразы. Құрылысшылардың салғырттығынан бүтін ауыл зардап шегіп отыр, дейді олар. Айта кетейік, биыл аймақта 62 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл игілікке 36 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 16 мың тұрғын сапалы суға қол жеткізеді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин