Түркістан облысында шаруалар суға жарымай отыр

Шардаралық шаруалар судың ағысына наразы. Олар тұтынатын 630 млн текше метр судың тең жартысы құмға сіңіп кетеді екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әбден шыдамы таусылған фермерлер жауапты мекемеден каналды бетондап беруін, болмаса тұтынбаған су үшін төленген артық ақшаларын қайтаруын талап етіп отыр. Шардаралық шаруалар өздері тұтынбаған су үшін артық ақша төлеуге қарсы. Себебі ішкі каналдардың барлығы ескірген. Ағын судың тең жарысы алқап басына жеткенше жерге сіңіп кететінін айтады. «Ал суға жауапты мекеме оны ескеріп отырған жоқ. Бізден ақшасын толық төлеуді талап етеді», дейді.

Нұркен Ағажанов, шаруа:

Арық-атыздарымыздың бәрі ескі, ремонт керек, су далаға кететін жерлері бар. Елу пайыз сіңетіні бар, қашыртқымен дарияға қайта құятыны бар, соны шығарып берулеріңізді өтінеміз. Ал бізден судың ақысын талап еткенде 100% талап етеді.

Манас Баршамұратов, шаруа:

Менде 50 гектар жер бар. Бір маусымда 14 мыңнан төлейміз гектарына. Сонда 50 гектарға 900-800 мың теңге төлейміз. Оның жартысын ғана төлейтін болсақ, 350-400 мың теңге ғана төлеуіміз керек. Жерге сіңіп кеткенін шығарғанда. Сол артық төленіп жатқан 46 пайыз ақшасын шығарып берсе.

Шаруалардың айтуынша, ағын судың бағасы 2-3 жылдың ішінде үш жарым есеге қымбаттаған. Мың текше метрі үш жыл бұрын 232 теңге болса, былтыр 800 теңгеге жуықтаған. Шардара аудандық мәслихатының дептаты Бекмағамбет Кеншім тарифті төмендету бойынша Табиғи монополиларды реттеу комитетінің төрағасына депутаттық сауал да жолдапты.

Бекмағамбет Кеншім, аудандық мәслихат депутаты:

– Ол кісінің берген жауабында судың тарифінің бүкіл қазақстан бойынша қымбат кеткені Алматы облысы, Қарасай ауданында 5080 ектар жерге реконструкция жүру керек дейді. Оған бөлінген қаржы 2,4 млрд теңге екен. Барлық нәрсенің қымбаттап кетуіне байланысты 5,84 млрд теңге бөлінетін болып, сіздердің тарифтеріңізді қымбаттаттық дейді. Алматы облысында реконструкция жасағанға біздің қалтамыздан кетіп жатыр.

Шардара ауданында 40 мың гектар суармалы жер бар. Шаруалар суды Шардара су қоймасынан басталатын «Қызылқұм» магистральды каналынан алады. «ҚазСуШар» мекемесіне тиесілі негізгі каналдың ұзындығы 106 шақырым. Биыл осы канал арқылы диқандарға 981 млн текше метр су бөлініп отыр. Бірақ канал өткен ғасырдың 70 жылдары салынғандықтан әбден тозған. Шаруалар судың үштен бірі жерге сіңіп, ысырап болатынын айтады. Алайда суға жауапты мекеме өздері қызмет көрсететін «Қызылқұм» магистральды каналындағы судың үштен бірі жерге сіңіп кететіндіктен есепке алмайды.  Ал осыдан қалған 630 млн текше метр ағын су р ауылдың тұсындағы ішкі каналдар арқылы бізге беріледі. Ал одан жерге сіңген судың ақысы  шегерілмейді» дейді шаруалар. Демек, диқандар жыл сайын суға 200 млн теңге артық төлеп отырған.

Қабланбек Жұмабек, шаруа қожалығының төрағасы:

350 млн текше метр су жер астына сіңіп жатыр. Егерде осы канал бетонмен жқапталса, осынама шығын болмайтын еді. Ол деген сөз біз тұтынып жатқан 981 млн текше метр емес, ол кезде біз 400-500 млн текше метр сумен шғып кететін едік. Қаншама су үнемделетін еді. Жаңа технологияларды пайдалануға жол ашылар еді. Ал егер ішкі шаруашылық каналдардың бәрін қаптайтын болса, онда 150-200 мың гектар жерді суармалы жерге айналдыруға болады.

Бір ауданда екі түрлі баға. 9 ауылдың үшеуі тікелей «ҚазСуШар» мекемесіне төлем жасайды. Себебі оларды кәсіпорын өз теңгеріміне алған. Ал қалған алтауы жоғары тарифпен төлейді. Олар «ҚазСуШар-дың» суын ортадағы су беру тұтынушылар кооперативі арқылы алады. Өйткені «ҚазСуШар» бұларды әлі күнге өз теңгеріміне алмаған. Суға жауапты мекеме басшылығы су бағасының қымбаттағанын былай түсіндірді.

Асқар Қыстаубаев, «ҚазСуШар» Түркістан филиалы директорының орынбасары:

– Біздің су мамандарының айлықтары өте төмендеп кеткен. Яғни 54 мың теңге жұмыс істеп жатыр. Тиісті жанар-жағармайы бар, ремонт жұмыстары бар. Бәрі осы тарифтің есебінен келеді. КУИД-3 бағдарламасын жүргізу үшін осы 256 каналдың барлығын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Судың түбінде отырып, суға жарымай отырған шаруалар «ҚазСуШар-дың» уәжімен келіспейді. Диқандар «жауаптылар ағын су бағасын реттемесе, биыл да шығынға шаш-етектен батамыз», – дейді. Шаруалар еститін елдің Үкіметінен үміт күтеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

 

Сондай-ақ...