Қамауға алынған Мейіржан Төребаев өзін жәбірленуші санатына ауыстыруды талап етуде

Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша күдікті деп танылған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынды.

Бұл туралы «Хабар 24» қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыстық іс ASTEX.KZ және ACD Technology жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің үстінен жазылған арыздан соң тіркелген. Анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін серіктестіктердің лауазымды қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қаражатты тарту бойынша шарт жасасқан. Жарна сомасының 20 пайызын сыйақы ретінде төлеуге уәде еткен. Осылайша ASTEX.KZ компаниясы Mudarabah Capital арқылы 162 салымшыдан 5 млрд теңгеден астам ақша жинаған. Алайда Мейіржан Төребаев видеоүндеу жасап, өзін күдіктіден жәбірленуші санатына ауыстыруды талап етіп отыр. Вайнерлерге қатысты сот бұған дейін бұлтартпау шарасы ретінде кепілмен босату санкциясын берген еді. 

Абай Жарылқасын, қалалық соттың баспасөз хатшысы:

- Осы азаматтарға 10 тәулік мерзіміне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу органдары сотқа екі ай мерзіміне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға негіз беретін материалдар ұсынбаған. Егер де тергеу органдары осы аталмыш дәлелдемелерді, қосымша дәлелдемелерді материалдарды ұсынған жағдайда олар соттың алдына осы вайнерлерге қатысты бұлтартпау шарасын ұзарту түріндегі өтініш хатты бере алады.