«Сақалды» құрылыстардың тағдыры үш жылда шешілмек  

Алдағы үш жылдық бюджетке құрылысы ондаған жылға созылған жобалар енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. 2022-2024 жылдарға арналған бюджетті талқылау кезінде депутаттар сақалды құрылыстардың тағдырына қатысты сауал жолдады. Мәселен, Жезқазған мен Сәтпаев шаһарларын ауыз сумен қамту үшін қолға алынған «Есқұла» су құбырының құрылысы сағызша созылып кеткен. Қаржы министрі мұндай жобалардың құны жыл санап артатынын айтып, оларды тездетіп аяқтау керегіне келісті.

Ержан Құдайбергенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Түркістан облысында 147 жылдан кейін Кентау қаласын газға қосып жатыр екен, соған той өткізгендей қуанып жатыр. Ол ұялатын нәрсе сияқты. Сақалды құрылыстар теңгеміздің құлдырауына себепкер болады. Осы сұрақтарға премьер-министрдің орынбасары қалай қарайды екен?

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Есқұла су құбырын 10 жыл салса, оның алдындағы екі жылда сметалық құжаттары дайындалған. Сонда 12 жыл салынған болып тұр. Яғни жылдан жылға ондай объектілер қала беретін болса, онда олардың құны да өсе береді. Есқұла 80 пайызға өскен екен. Ондай жобалар өте көп. Сондықтан біз келесі 3 жылдық бюжетке тек қана осындай жобаларға көңіл бөлеміз. Жаңа жобаларды ашпай тұрып, осыларды жабуға мақсат қойып отырмыз.