Қарасорда балық қырылып жатыр – жалған ақпарат

Қарағанды облысындағы ең ірі көл – Қарасорда балық қырылып жатыр деген ақпаратты жауапты мамандар жоққа шығарып, жалған екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан көп балықтың су бетінде қалқып жүргенін байқауға болады. Оны түсірген адам Қарасор көлі екенін айтады. Алайда көлді жалға алып, балық шаруашылығын дамытқалы отырған кәсіпкер бұл ақпараттың жалған екенін жариялады. Оның айтуынша, су қоймасын оттегімен байыту үшін қыс бойы мұзды тесу жұмыстарын жүргізген. Кәсіпкердің сөзін инспекторлар да растап отыр. 

Ерлан Кәріпбаев, кәсіпкер:

- Видео жайында айтып өтсем, бұл фейк. Біз биыл жұмыс жасап жатырмыз. Күнделікті көлдің маңайын қарап жүр. Көлден мұз әлі кеткен жоқ. Үш жыл бұрын иесіз болды. Бұл жерде балық та ауланды. Ешқандай ауа беру жұмысы жасалмаған. Сол кезде біраз балық қырылды деп естідім. Бұл сол алдыңғы жылғы видео болуы да мүмкін.  

Абай Әлжанов, Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Инспекторлар қазір оқиға орнына аттанды. Көлдің жағасы, су беті барлығы мұқият тексерілетін болады. Егер балықтың қырылғаны анықталса, келтірілген шығын көлемі есептеледі және судан сынама алынып, зертханаға жіберіледі. Бірақ әзірге бұл ақпарат расталмады.