Сарғалық тұрғындар сүзгіден өтпеген су ішіп отыр – Маңғыстау облысы

Техникалық суды екі мыңға жуық адам тұтынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекенде 5 жыл бұрын су станциясы құрлысының басталып, кейін аяқсыз қалғаны туралы бұған дейін айтқанбыз. Сол жоба қайта қолға алынды.

Алайда станция биыл іске қосылады деуге әлі ерте. Алдымен бюджеттен қайта қаржы қаралуы тиіс.

Сарғалықтардың үмітін ақтамаған станцияның қазіргі күйі осы. Терезе әйнектері сынып, есігі қираған нысан қараусыз жатыр. Кезінде жобаға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 427 млн теңге бөлінеді. Көп ұзамай құрылысы тоқтап қалды. Мердігер 203 млн теңгесін қайтарып беріпті. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Жауаптылар станцияны қайта салуға қыруар ақша керек дейді.

Құлбек Медетов, Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі басшысының м.а:

- Сметасына қайтадан түзетулер енгізу керек. Себебі бағаның бәрі 5 жылдан бері қымбаттап кетті. Сол қайтадан түзету жасап, оның бәрі сынамадан өтіп балғаннан кейін қайта тендер өткіземіз. Бұл әлі де уақыт алады.

Айберген Ізбасаров, ауыл тұрғыны:

- Жауапсыздықтан, қарамағандықтан бұл. Жіберіліп жатқан ақша қадағаланбайды. Бес жыл болды міне, судың жүреді дегеніне.

Ауылға техникалық су «Қиғаш» құбыры арқылы келеді. 2017 жылы тіршілік нәрін тазартатын арнайы сұйықтықты сақтауға арналған қойманың құрылысы басталған. Бұл істің де соңы аяқсыз қалады. Былтыр ауыл ішінде құдықтарды қазу қолға алынды. Кейбірінің ашық күйде қалуынан балалар құлап, жарақат алған.

Қаңыраған станциядан әзірге қайыр жоқтығын түсінген тұрғындар ащы суды ішуге мәжбүр. Әр кез су таситын көлік жалдап, құдығына құйдыртады.

Сәуірбай Тақабаев, ауыл тұрғыны:

- Бір су таситын көліктің бағасы Үкіметтің үш көлігінің ақшасына түседі. Үкіметтікі – 550 теңге, жекеменшік 1 жарымнан 1 мың 800-ге дейін.

Жобаға жауапты серіктестік өкілі 1 жылда іске қосуға уәде берген. Сөзінде тұрмағаны былай тұрсын, құрылысқа жалданған бригадаға ақысын төлемей сан соқтырған. Аудандық құрылыс бөлімі мердігерді 3 рет сотқа беріп, жеңіп шығады. Бірақ мемлекет қаржысы толық қайтарылған жоқ. Биыл бюджеттен қайта ақша бөлінсе, сатып алу конкурсына басқа компаниялар қатысады. Ал құрылысқа қашан жан бітері әзірге белгісіз.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев