Қызылордада ғылымға мүлде көңіл бөлінбейді – жергілікті ғалымдар

190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егетін аграрлы аймақтың ғалымдары осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ыбырай Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты соңғы 4-5 жылда әбден тығырыққа тірелген. Заманауи зертхана, техника, тіпті құрал-сайманы жоқ. Мамандары жарты жылдан бері жалақы алмаған. Өңірге жарты ғасырдан бері жаңа сұрып, тұқым мен топырақты тұзданудан сақтайтын тәсіл ұсынып келе жатқан институт күйреудің аз-ақ алдында тұр.

Күріштің мың жарым, арпа-бидайдың 600 және бақша дақылының 70 түрін шығарған институт мамандары қазір басқа салаларға ауысып кетуге мәжбүр. Өйткені салалық министрлік пен облыстық әкімдіктен қолдау өте аз. Жергілікті ғалымдар топырақ құнарлылығын арттырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін 9 жобаны ерте көктемнен шаруашылықтардың айналымына енгізуі тиіс болатын. Ал қазір бәрі бос жүр.  

Әсет Тоқтамысов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

- Топырақ анализ жасайтын зертхана болу керек. Күріш, басқа дақылдардың сапасын, биохимиялық құрамын білу керек. Лаборатория алатын қаражат жоқ. Жаңа келген әкім ғылымға, күріш ғылыми зерттеу институтына келіп, жағдайымен танысып, материалдық-техникалық базасы қандай? Не істеліп жатыр? Қандай көмек керек деген мәселелерді жоспарына қоятын болса үлкен жетістікке жетеміз деп ойлаймын. 

Институт гидротехникалық нұсқаулықтар берумен де айналысады. Яғни ғылыми тұрғыда түбегейлі зерттелген суды үнемдеу шараларын шаруашылықтарға ұсына алады. Бірақ оған ешкім мән бермейді екен. Сол себепті өнім аз жиналады дейді агроғалымдар. Мәселен, көршілес мемлекеттерде әр гектардан 70-80 центнер күріш жинаса, бізде 40-50-дің маңайы.    

Жанұзақ Байманов, техника ғылымдарының кандидаты:

- Ірі шаруашылықтарда міндетті түрде, майда шаруашылықтар ұстай алмайды. Сондықтан оларды біріктіріп, кооперация құру арқылы 1-2 гидротехник маманын ұстап отыру арқылы суды үнемдеуге болады деп ойлаймын. Орталыққа шаруашылық өкілдері өз мамандарын жіберіп, біліктілігін жоғарылатып отырса, аз болсын, сол бар суды үнемді пайдалануға әкеледі деген ойдамын.

Материалдық базасы тозған мекемеде ізденімпаз жас мамандар тұрақтамайды. Сәйкесінше зейнетке шыққан ғалымдар ғана туындыларын қорып жүр. Әзірге. Кешенді қолдау болмаса Қазақстандағы жалғыз күріш шаруашылығының қара шаңырағы құлауға жақын. Ал ғылымға негізделмеген агросаланың күні қараң екені баршаға аян. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев