Алматы-Шамалған-Ұзынағаш жолы жабылады

Алматы-Шамалған-Ұзынағаш бағытымен қатынау қиындай түспек. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысына байланысты қала мен облыс арасын жалғап тұрған күре жолдардың бірі ұзақ уақытқа жабылмақшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрине 2 миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарға айналма жол қажет-ақ. Алайда Қарасай мен Жамбыл ауданынан қатынайтын тұрғындар «құрылыс ұзаққа созылып, тағы да жол азабын тартамыз ба» деп уайымдайды. Мамырдың екісінен бастап Алматы-Шамалған-Ұзынағаш бағытымен қатынау қиындай түспек. Өйткені халық «жоғарғы трасса» деп атап кеткен күре жол бойындағы Қырғауылды мен Райымбек ауылының қилысқан жері қыркүйек айына дейін жабылады. Жол азабын жүрген біледі. Бұл жерде көлік нөпірі де аз емес. Тәулігіне іргелес аудандардан Алматыға 20 мың машинаға дейін келеді.  

Болат Әбеев, Қырғауылды ауылының тұрғыны:

–- Мына жерді қазып, жолды жабайын деп жатыр. Біз енді қазір басымыз қатып тұр.Қалай үйімізге қатынаймыз деп. Мына жерде жүрудің өзі қиын болып кетті. Бұрынғы кептеліс кептеліс па енді оның  үстіне одан зор кептеліс болайын деп жатыр.

Ербол Жошиев, Райымбек ауылының тұрғыны:

–  Екі-ақ айда бітіретін жұмыс шығар деп ойлаймыз енді. Кім біледі. Айлап, жылдап кетеді ғой. Алтын орданың өзін 3 жыл жасады ма, 4 жыл жасады ма?

Әрине үлкен қала Алматыға айналма жолдардың салынғаны жақсы. Шаһар ішімен өтетін транзитті автокөліктің саны азайып, экологияның жақсаруына да септігі тиеді. Тұрғындар құрылысты қолдап отыр. Тек ертерек жол белгілері қойылып, кептелістің алдын алса деген талап-тілегі бар. 

Ләззат Стамғазиева, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ баспасөз хатшысы:

– Жабылған учаскені тұрғындарымыз Қырғауылды елді мекенінде орналасқан Көкдала және Іңкәрбекова көшелері арқылы сонымен қатар Райымбек елді мекенінде орналасқан Сүйінбай және Наурыз көшелері арқылы айналып өте алады. Осы орайда айта кету қажет жол учаскесі жабық болған кезде, жергілікті полиция қызметкерлері тәулік бойы учаскені патрульдейді және тиісті қажетті жол белгілері таңбалары және де бағдаршамдар орнатылмақ.

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының ұзындығы 66 шақырым болады. Кептелісте сағаттап тұрып жүрген жолаушылар Алтын Орда жолы секілді бұның да құрылысы сағызша созылып кетпесе екен, дейді.

Авторлары: Жандос  Айтбайұлы, Радик Жақыпов