Атырау саябағына күтім керек

Атырау қаласында аумағы 3 жарым гектарды алып жатқан саябақ жанашыр қожайынның жоқтығынан азып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жайықтың жағасында неоклассикалық стильде салынған ретро саябақ пайдалануға берілгенде қала тұрғындары қуанған еді. Алайда айналдырған 4-5 жылда саябақтан сән кетті. Ағаштар қурап, субұрқақтар құрғап, бір кездегі атыраулықтардың сүйікті демалыс орнына айналған жер қаңырап қалды.

Атына заты сай ретро саябақты барынша безендірген мұнай өндіруші компания 2017 жылдың күзінде қала күніне меркесінде Атырау жұртшылғына тарту еткен еді. Кейін оны жеке кәсіпкер сенімгерлік басқаруға алған. Бірақ бизнестің кілтін таба алмаған жаңа қожайын әсем дүниені аздырып жіберіпті. Қазір қайран саябақ қараусыз жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Бір кезде қармағына бекіре балығын қаптырған мына бақытты балықшыны көруге келушілер көп болатын. Осы бассейндер тізеден суға толып, айнала қалқып жататын. Қазір құлазыған аралда балықшының өзі жалғыз қалыпты.

Көрме орталығына айналуы тиіс ғимарат, дүкендер жабық тұр. Жарық бағандарының сымдары ашық-шашық тоналған. Ал 3,5 гектар жерге егілген гүлзар мен 750 түп экзотикалық ағаш түрлері бой алмай тапталып жатыр. Бір кездегі жарықпен әрлендірілетін су бұрқақтарының істен шыққанына екі жыл,– дейді тұрғындар.

Мұрат Халықов, қала тұрғыны:

Басында бәрі керемет болатын. Кейін жекенің қолына өтті деп естідік. Сонан бәрі кері кетті ғой. Негізі біз үшін бұл тамаша демалыс орны. Егер жаз бойы су бұрқақтар жұмыс істеп тұрса, керемет болар еді де!

Дәуренгүл Ғабдешова, қала тұрғыны:

Кейбір жерелерде кафельдер түсіп жатыр. Әзір қастарында жатыр соны алып орнына жапсырса, әлі кеш емес.Зейнеткерлер көп демалады, балалар да көп келеді мұнда былай жаман емес, жөндеп күтіп ұстау жетпей тұр. Қарайтын кісі жоқ.

Тұрғындардың орынды талабын ескерген билік саябақты қалалық әкімдіктің балансына берді. Енді оны көркейту жұмыстарымен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі айналыспақ. Бірақ олардың да кей мәселеде қолдары қысқа секілді.

 

Жұмабек Жұмағалиев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Бұл жерде көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта жүргізілетін болады. Онан кейін түнгі жарық шамдары түгел істен шыққан сол жұмыстарды қалпына келтіреміз. Бұған бюджеттен қаражат қарастырылмаған қазіргі уақытта. Біздер ол қалпына келтіру жұмыстарын бәрін жаңағы демеушілер арқылы жасайтын боламыз. Қазіргі уақытта демеушілер іздестіріліп жатыр.

Бүгін біз аралап көрген саябақта жұмыс жасап жатқан жанды ұшырата алмадық. Ал әзірге қараусыз қалса да көктемнің демімен көктей бастаған ағаштар мен бүр жарған гүлдер жайқала бастапты. Тек олар ертеңгі аптап ыстыққа төтеп бере ала ма, оны күтіп баптайтын қамқор қол қашан табылады? Оны ешкім тап басып айта алмады. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин