Петропавлда көне жәдігер – Тайқазан қоқыстан табылды

Еліміздің солтүстігінде наурыз мерекесі кезінде қаланы безендіру үшін әзірленген түрлі шағын архитектуралық формаларды жергілікті билік қоқысқа тастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Миллиондаған қаржыға жасалған декорациялар қазір күнмен жауынның астында тұрып, бүлініп жатыр. Ұлттық құндылықтарымызды бағаламағандарды халық сынның астына алды. Айтуларынша, бұл мәдениетімізді мазақ қылғанмен тең дейді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– «Наурыз мерекесі құтты болсын» деген бұл жазба орталық көшелердің бірінде мейрам күндері тұрған еді. Қазір мереке бітті. Енді олар қаланың шетіндегі қоқысқа шығарылып тасталған.

Ұлық мереке – Наурызда қалаға көрік берген бұл декарациялар қазір қор болып қоқыста жатыр. Басым көпшілігі қираған. Алты ғасырдан аман жеткен қасиетті Тайқазанды да осы жерден кездестіруге болады. Мерекені атап өткенімізге бір ай уақыт өтпей жатып, бұл дүниелер ешкімге керек болмай қалған сыңайлы.

Қабдуәлі Әбдімұратов, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Бізде арнайы орын бар Қарағандыда. Осыларды мерекеден кейін сол орынға апарып қояды. Жолдың бойында. Біз кіреміз-шығамыз, көрінеді. Әрине бүлінеді. Күн жеп қояды ғой. Сыйластық жоқ. Мерекені, қазақтың ұлттық дәстүрін.

Айыппұл тұрағының алдындағы қоқыстан ұлттық нақыштағы қыздың мүсінін де кездестіруге болады. Тіпті түрлі-түсті жарық шамдары қап-қап болып үйіліп жатыр. Қалалық әкімдік өкілдері болса, оларды келесі жылы қайтадан қалыпқа келтіреміз деп ағынан жарылды. 

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

Ол жер күзетілетін аумақ. Осыдан біренеше жыл бұрын Наурыз мейрамына қолданылған болатын. Егерде болашақтағы мерекелерге қолданылатын болса, ол жөнделіп қайтадан қолданылады. Биылғы жылы наурыз мерекесінде МАФ-тарды әзірлеу үшін ЖКХ-дан бюджеттік қаражат бөлінген жоқ. Спонсорлардың көмегімен жасалды.

Әкімдік өкілдері биыл шахарда наурыз мерекесін тойлауға нақты қанша қаражат жұмсалғанын айтпады. Тек мәдениет бөлімінің басшысы концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруға 8 миллион теңге қарастырылғанын айтты. Жалпы естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде Петропавлда қазақ зиялыларына арналған ескеркіштер де қоқыстан табылған болатын. Орталық саябақта бірнеше жыл тұрған мүсіндерді жергілікті билік алып тастаған еді. Бірақ артынша жөндейіміз деп сендірген. Алайда олар қайта қалыпқа келтірілмеген.

Автрлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев