Сенатор: Қазақстан су ресурстарын басқарып отырған жоқ

Дүниежүзілік банктің болжамынша, еліміздегі су ресурсы 2030 жылға қарай 90-нан 76 текше шақырымға дейін төмендейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Анығында біз су ресурстарын басқарып отырған жоқпыз. Тек суға деген сұранысты реттеумен шектелгенбіз. Әлі күнге дейін тіршілік нәрінің қоры туралы нақты есеп жоқ». Сенатор Ақылбек Күрішбаев осы мәселені көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, су қорының мониторингін цифрлық форматқа және қашықтан зондтау әдісіне ауыстыру қажет. Екіншіден, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес Қазақстанның су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемасын жаңарту керек. Бұл – суды ұтымды пайдалану стратегиясы мен тактикасының негізгі шарты. Сонымен қатар әрбір бассейн үшін судың нақты өзіндік құнын анықтау қажет. Онсыз су ресурстарын үнемді пайдалану мүмкін емес. Сондықтан суармалы егіншілікке қолдау керек. Тағы бір өзекті мәселе салада кадр тапшы.

Ақылбек Күрішбаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Көптеген жыл бойы барлық жиналыста, тыңдауда осы мәселені айтып келеміз, бірақ оның шешілетін түрі жоқ. Ашығын айту керек, су шаруашылығы үшін кадрларды қазіргі заманғы деңгейде даярлауды біз өз күшімізбен қамтамасыз ете алмаймыз. Кадр мәселесін шешудің ең қысқа жолы Қазақстанда су шаруашылығы бойынша әлемдегі жетекші университеттердің филиалын ашу. Саланың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанда су ресурстарын интеграцияланған басқару жүйесін қамту үшін және еліміздің су қорын жоспарлау, бақылау және ұтымды пайдалану мақсатында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізетін дербес су шаруашылығы ведомствосын құруды ұсынамыз.