Экономист: Кітап шығаруға 1,6 млрд теңге бөлу – ең сорақы шешім

«Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді» басып шығаруға биыл қазынадан 1 млрд 650 млн теңге бөлінгелі жатыр. Журналист Мият Кәшібай телеграм каналында осындай ақпарат таратып, мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығатын кітаптардың тізімін жариялаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ізін ала бұл мәселе қоғамда қызу талқылана бастады. Дені – экономикамыз онсыз да шатқаяқтап тұрғанда миллиардтаған қаржыны тап бұлай оңды-солды шашудың жөні жоқ еді деп отыр. Экономист Бауыржан Ысқақтың да пікірі осыған саяды. Ол бұл қаржыға керісінше мектеп салып бергенде әлдеқайда тиімдірек болар дегенді айтты. «Бұдан тек баспаханалар ғана ұтты. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырған солар ғана» – дейді.

Бауыржан Ысқақ – экономист:

Дәл қазіргі пандемиядан кейінгі уақыттарда, халықтың төлем қабілеттілігі төмендеп жатқан уақытта бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлу арқылы жазушылардың кітаптарын шығарудың өте бір қажеттілігі жоғары деп айта алмаймын. Неге? Өйткені бұл қаржы айналып келгенде сол баспагерлердің табысын ұлғайтуға жұмсалады, бизнеске айналып кеткен деуге болады. Баспагерлер барлық шығынды өз мойындарына алып, әлемдегідей кітаптарды өз ақшасына басып шығарса, ол қаламгерге де, мемлекетке де, баспагердің өзіне де тиімді болар еді. Мол табысқа кенеле алады.

Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығаруға бюджеттен былтыр да қаржы бөлінген. Ол кезде 700 млн теңге жұмсалған еді. Балаларға арналған шығармаларды көптеп шығарамыз деп 127 млн теңге жырып берді. Бірақ оның да қазір құмға сіңген судай болғанын көріп отырмыз.