Жол ережесін бұзғандарды анықтаудың тың тәсілі табылды

Елордада жол ережесін бұзғандарды анықтаудың тағы бір тәсілі пайда болды. Бұған дейін ақылы автотұрақтарды қадағалайтын көліктер енді қала ішінде де жол ережесін бақылайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтсақ, тыйым салынған жерге көлікті қою, тоқтау, жүргінші жолына шығып кету сынды ереже бұзу деректерін арнайы автокөліктер тіркейді. Қалалық полиция департаменті мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік осындай жобаны қолға алған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 400 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұған қоса қала маңынан тәулігіне 100 мыңдай темір тұлпар кіреді. Соның салдарынан қала ішіндегі қозғалыс қиындайды. Оны жүйелеу үшін осындай технология қолданылмақ. Әкімшілік полиция өкілдерінің айтуынша, бұл бір жағынан жүргізуші мен полиция қызметкерінің тікелей байланысын азайтады әрі ереже сақтауға сеп болады.

Бауыржан Тоқжұманов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Екі автокөлік, енді оның саны көбейтіледі. Салынған айыппұлдар мемлекет қазынасына түседі. Аялдамаға тоқтағаны үшін жолдың кіре беріс кармашек дейді ғой соларға тоқтаған үшін рәсімделеді. Жолдың бойына екінші жолға қойғаны үшін және жаяу жүргінші жолына қойғаны үшін сол құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылады.