Тоз-тозы шыққан Тоқжайлау – Алматы облысы

Кезінде атағы дүркіреп, шаруашылығы шалқып тұрған Алматы облысындағы Тоқжайлау ауылының бүгінде тоз-тозы шыққан. Себебі көп жылдан бері ондағы әлеуметтік проблемалар шешілмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, осы уақытқа дейін ауылдағы бір көшеге ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізілген. Елді мекенде балалар ойнайтын және спортпен шұғылданатын жер жоқ, – дейді тұрғындар. Баламбай өзенінен су тасу Сәрсенбек Нұрбайұлының күнделікті жұмысы. Әсіресе көктемде таң сәріде тұрып әкеліп алуға тырысады. Өйткені лайланған ағын суды тұндырмаса ішуге жарамайды.

Сәрсенбек Нұрбайұлы, Тоқжайлау ауылының  тұрғыны:

Бұл жерден мал да ішеді, өзіміз де ішеміз. Қолданатын осы судан басқа су жоқ. Міне, жоғарғы жағымызда ферма тұр. Міне, Иса Байзақов көшесі толық қолданады осы өзеннен. Басқа су жоқ.

Тоқжайлау ауылындағы он көшенің біреуіне ғана ауыз су жүйесі жүргізілген. Қалған тоғызының тұрғындары тіршілік нәрін шама шарқына қарай тасып ішуге мәжбүр. Суға баратын жолдың да жағдайы сын көтермейді дейді олар. 

Нияз Әбділманов, ауыл тұрғыны:

Асфальт деген, міне, осы жерге келіп тоқтайды әрі қарай тасы шығып жатыр. Осыған енді бір қаражат бөлінсе, бұл Дәнеш Рақышев көшесі. Жалғыз бұл ғана көше емес, ауылымыздың ұсақ көшелерінің бәрі осындай болып жатыр.

Ауылда қаңырап бос қалған үйлер жетіп артылады. Құлағалы тұрған баспаналар халық санынан хабар беріп тұрғандай.        

Арай Керімқұлов, ауыл тұрғыны:

– 5 мың халыққа дейін болған бұл жерде. Енді екі мыңнан аса халық қалды. Жастар кетіп жатыр. Қарттар қайтыс болып жатыр.

Мақсат Мұсабаланов, ауыл тұрғыны:

– Спортзал деген жоқ бізде. Шынығатын жастарға барып жаттығатын жер жоқ. Салынбаған. Жаттығу жасамайды жоқ бізде.Өкінішті сол жүрегімізді ауыртатын.

Ауылдық округ әкімі биыл жоғары жақтағы арық-атыздарды тазалап қалпына келтірмек. Орталықтандырылған ауыз су жүйесі осы жылы жүргізіледі деп отыр. 

Алмас Дүйсенбекұлы, Тоқжайлау ауылдық округінің әкімі:

Жобалық құжаттары толық дайын болды. Мемлекеттік сараптама Құжаттары дайындалуда. Осы екінші тоқсанның аяғы, үшінші тоқсанның басына қарай орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүреді деп күтілуде. Тағы бір айта кететіні СКЛ үшінші бригада дейді сол жақтың жерін шабындыққа беріп отырмыз. Ол жерде үш жүз гектар жер бар.

Әкімдіктегілердің айтуынша, ауыз су тартылғаннан кейін ауылішілік жолдарға асфальт салына бастайды. Бірақ жоспардың жүзеге асуы бөлінген қаражатқа байланысты болмақ. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев