Өскемендік шенеуніктер жол жөндеуге қатысты курстардан өтеді

 Жол жөндеу кезіндегі олқылықтарды шенеуніктер білуге тиіс. Өскемендік мамандар осындай курстан өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені құрылыс кезінде технологиялық талаптарды ескермейтіндер көп. Жұмысты қабылдап алатындардың да бұдан хабары аз. Мәселен қазір мұндағы Космический және Мостовая көшесіндегі жөндеу жұмыстары жарты жолдан тоқтап қалған. Мердігер компания  ірі түйіршікті асфальт-бетонның орнына ұсағын сала салған. Бірақ мәселе мердігерде емес екен. Жұмыстың қалай атқарылатыны, не қолданылатыны ескертілмеген. Енді осындай кемшіліктерді болдырмау үшін индустрия және инфрақұрылым министрлігі  оқыту семинарын ұйымдастырды. Сөйтіп шенеуніктер «Жол активтері Ұлттық сапа орталығының базасында жол жөндеудің қыр-сырын үйренеді. 

Ержан Аязбаев,  Жол активтерінің  ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалының директоры:

Біз оларға  қандай қажетті материалдың жетпей тұрғанын, қайсының артық екенін айтып бере аламыз. Ондай жайттарды анықтайтын құрал жабдықтарымыз бар.

Санат Бұстакбаев, Ұлан ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жол құрылыс саласындағы білікті мамандар барлық аудандарда  тапшы. Біздің бөлімде мысалы 1 ғана кадр бар. Сондықтан осындай семинарлардың жиі өткені дұрыс. Сонда тапсырыс кезінде нақты талап қоя аламыз.