Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында сән көрсетілімі өтті

Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында сән көрсетілімі өтті

Оған 4 пен 14 жас аралығындағы 20 бала қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сән әлеміне енді ғана қадам басқан олар өз аналарымен бірге қызыл кілемнің үстімен жүріп, кейін түрлі киім үлгілерін көрсетті. Балалар үшін арнайы фотосессия да ұйымдастырылды. Ал олардың суреттері алдағы уақытта сән журналдарында жарық көреді. Шараны ұйымдастырған жандардың айтуынша, мұндай жобалар мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға тез бейімделуіне сеп болып, тағдыр тауқыметін тартқан ата-аналарды да бір серпілтіп тастайды.

Гүлмира Бектұрғанова, ұйымдастырушы:

- Бұл көрсетілімді бастауға алғашқы идеяны инстаграмда шығарғанда көкшетаулық ата-аналар өте белсенді болып, өздерінің қатысуға ниеттерін білдірді. Сол себепті біз Көкшетаудан бастап отырмыз. Әрі қарай астанада өткізу ойымызда бар. Басты мақсатымыз – бүкіл Қазақстанды қамту.

Махаббат Қасымова, қатысушы:

- Біз бұл жобаға өте тыңғылықты дайындалдық. Менің 9 жасар Мансұрыма сән көрсетіліміне қатысу үлкен шабыт сыйлады. Өзі қатты қуанып жүр. Бұл да терапияның бір түрі. Негізі екеуміз де өте белсендіміз. Тағы да осындай шаралар өтетін болса, қатысуға дайынбыз.