Таразда жарықтандыру мен ауыз су мәселесі өзекті

Кейінгі жылдары қалаға қосылған саяжайлардағы жағдай тіпті қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар тозығы жеткен ескі көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту мен балалар ойнайтын ауланың жоқтығына жиі шағымданады. Бұл проблемаларды қала тұрғындары қоғамдық қабылдау кезінде тағы көтерді.

Көшпелі қоғамдық қабылдауға мәселе айтып келгендер көп болды. Төле би көшесінің тұрғындары балалар ойнайтын алаңның әбден тозғанын айтты. Тура үйдің жанында бірнеше мемлекеттік мекеме мен халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан екен. Барыс-келіс көп болғандықтан көлік нөпірі көп. Ал аула оқшауланбаған. Ата-аналар балалардың өміріне қауіптенеді.

Арайлым Байдәулетова, қала тұрғыны:

- Балаларымыз ойнайтын аула жоқ. Қорқамыз. Былтыр қоршау болған, кесіп алып тастады. Балалар әрі-бері жүгіріп өткенге қорқамыз.

Биыл Таразда 100 аула абаттандырылып жөнделеді. Тұрғындар айтқан аула солардың ішінде бар болып шықты. Демек шешімін табады. Жалпы екі сағатта  30 шақты адам қабылданып арыз-талаптары тыңдалды. Басым көпшілігі тұрғын үйлерді жаңғырту, көшелерді асфальттау, қоғамдық көлік, сияқты қордаланған мәселелермен келген. Олардың әрқайсысына қала әкімінен бастап барлық салаға жауапты бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеке-жеке жауап берді. Әсіресе ауыз су мен жарықтандыруға шағым көп.

Ержан Жылқыбаев, Тараз қаласының әкімі:

- Қосылған 28 саяжай бар. Көлтаған, Құмшағал, Шөлдала деген саяжайлар бар. Бірақ оларда ауыз су жоқ. Биыл құжаттарын дайындап, республикадан ақша бөлінді 3,5 млрд теңге. Биыл 40 мың халық тұратын аймақтарға ауыз су беріледі. Одан бөлек жарық мәселесі 124 көшеге жарық беріледі. Аптасына біз бір рет әр округке шығып, жыл бойы осылай кері байланысқа шығып халықтың мәселесін шешуге жұмыс жасаймыз.

Былтыр қоғамдық көшпелі қабылдауға келген 250 адамның 85 процентінің мәселесі шешілген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Айта кету керек, биыл Таразда 57 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылып, 38 көше асфальтталады.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә