Қызылорда облысында індет ошағы көбейген

Биыл Сыр өңірінде қыс жылы болды. Мамандар аймақта кене шағу дерегінің екі есеге дейін көбеюі осымен байланысты,-дейді. Бүгінде облыстың оңтүстік аудандарындағы қолайсыз деп танылған елді мекендердегі қора-жайларды залалсыздандыру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен Шиелі ауданында биыл 16 елді мекен кенеге қарсы өңделді. Соның бірі – Еңбекші ауылы.

Сәтжан Жақсин, мердігер мекеменің өкілі:

Бүгін кесте бойынша жүріп келе жатырмыз. Сәуірдің 26-на екінші айналым тағы да жасаймыз. Біздің территориямыз малға, сосын қораларға дезинфекция жұмыстарын жүргізу. Осы еңбекші ауылында 250 қора жаппай істелуде. 

Қауіпті індеттің табиғи ошақтары 30 мамырға дейін арнайы препараттармен залалсыздандырылады. Өткен жылы өңірдің 113 елді мекеннен ауру ошақтары анықталса, биыл оның саны 116-ға жеткен. Бұл ауылдарда 600 мыңнан астам мал басы, 33 мыңдай қора-жай бар екен. Одан бөлек, суаттар мен шабындықтар да улы кенелерден қорғалады.

Айман Жанахаева, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

Табиғаттан, далалық аймақтардан 12 мыңнан астам кене жиналып, зертханалық зерттеуге жолданды. Оның мыңнан астамы бүгінгі күні зерттеліп, нәтижесінде 39 кенеден осы аса қауіпті инфекцияның оң нәтижесі анықталып отыр. Сонымен қатар табиғатқа кенелердің жас, нимфа түрлерінің белсенді шыға бастағаны байқалып отыр. Оған дәлел жыл басынан бері 28 адам осы кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінген.

Қазіргі таңда медициналық мекемелерде конго-қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан науқастарды емдеу үшін арнайы препараттар қоры дайындалған. Көбіне малшылар мен егіншілер, табиғат аясында демалушылар осы індеттің шырмауына ілінеді. Кене шаққан жағдайда өз бетінше үйде ем қабылдау аса қауіпті, сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралу маңызды,-дейді мамандар.  

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов