Қай өңірлердің мұғалімдері 790 мың теңге жалақы алады?

Елде мұғалім тапшылығы өткір тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді маман жетіспей жатқан 4 облысқа баратын мұғалімдерге 790 мың теңгеге дейін жалақы төленеді. Тақауда Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деп уәде еткен еді. Сөйтіп Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Алматы облыстарына басқа өңірлерден баратын педагогтардың айлығы өсетін болды.

Атырау қаласындағы №2 Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектепте қазір 132 мұғалім 1700-ден астам оқушыға білім беріп жүр. Оның 1100-ге жуығы орыс сыныбында оқиды. Педагог тапшылығынан қиындық көріп отырған білім ошағына орыс сыныптары үшін 5 мұғалім жетпей отыр. Сол себепті шаһардағы басқа мектептерде жұмыс істейтін мамандар келіп балаларға сабақ береді.

Мөлдір Қатуова, №2 Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

- Негізгі қиындық тудырып тұрған орыс сыныптарының мамандары. Көп жүктемемен жүріп, жұмыс жасап жатыр қазіргі таңда. Жоқ мамандардың есебіне орыс сыныптарындағы бастауыш сыныптарының мамандары орыс тілінің мамандары, химия пәнінің маманы орыс сыныптарына қажет болып отыр. Қосымша жұмыс жасайтын мамандарымыз орыс сыныптарындағы бастауыш мамандары және химия пәнінің маманы, орыс тілі маманы басқа мектептерден қосалқы қызметкер ретінде жұмыс жасап келеді 2-3 жылдан бері.

Қазір Атырау облысында 200 мектеп бар. Осы білім ошақтарына 651 педагог қажет. Білім және ғылым министрлігі әзірлеп жатқан жаңа бағдарлама аясында өңірге келетін мұғалімдер осы мектептерге жұмысқа орналасады. Сондай-ақ олардың әлеуметтік мәселелері де реттелмек. Ал 790 мың теңге жалақы алу оңай соқпайтыны белгілі.

Айнагүл Дүйсекенова, білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда осы педагогтарды қабылдау ережелері, кейіннен жұмысқа орналасу тәртіптеріне байланысты жұмыстар, келісімдер қазіргі таңда жүргізілуде. Барлық педагогтарға тән қабылдау ережесіне сәйкес, әрине конкурстық негізде қабылданады. Осы жұмысты біз тиісті деңгейде ұйымдастырып, жаңа оқу жылын жаңа педагогтармен толықтырамыз деп күтудеміз.

Маңғыстау облысында да педагог тапшы. Мектептерде 200-ден астам орын бос тұр. Қазақ мектептерінде орыс тілі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері жетпесе, орыс тілді мектептерде бастауыш, физика, математика, информатика пәнінің мамандары аз. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен жыл сайын облыс әкімінің білім гранты көбейіп жатыр.

Бақтыгүл Өмірбекова, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:

- Былтырдың өзінде 900 маман жұмысқа келді, оның ішінде жас мамандар 600-ден астам. Орыс тілді мамандықтарға әкімнің гранты беріледі. Мемлекеттік грантты да өңірдің түлектері оқып жатыр. Қазақстан барлық аумағындағы ЖОО біздің облыстың 1200-дей балалары оқып жатыр, 2018 жыл түскен, биыл бітіріп жұмысқа орналасу керек.

Атырау, Маңғыстау, Алматы, Түркістан облыстарына 2 мыңға жуық педагогты тарту үшін қазынадан 4 млрд теңгеге жуық қаражат көзделген. Осы арқылы білікті маман екенін дәлелдеген әр мұғалім жоғары жалақы алып қана қоймайды, олардың тұрғын үйі мен коммуналдық шығын мәселесі де реттеледі.

Асланбек Шығыр, Айгерім Ашықбаева, Темірлан Сұлтанғазиев