Арзан көлік алам деп алаяқтарға алданған – Қарағанды

Белгісіз алаяқтар Қарағанды қаласының тұрғыны атынан хабарламалар желісінде жалған көлікті сатып, қазақстандықтарды алдап келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Максим Наумкин есімді азаматтың жеке деректерін қолға түсіріп алған олар куәлік көшірмесін кепілдеме ретінде жіберіп, кепіл пұлын алып отырған. Полиция тек осы бір адамның атынан салынған жалған хабарламаға 17 адам алданған деп отыр. 2 жылдан бері Наумкиннің өзі де пысықайлардан зардап шеккенін айтады. Себебі хабарламаға алданғандар кепіл ретінде алған құжат көшірмесінің иесі, яғни Максимді тауып алып талай мәрте қоқан-лоқы көрсеткен. Бірақ ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алмай келген. Тек алданғандар полицияға шағымданып, қылмыстық іс қозғалған кезден бастап ол осы іске куәгер ретінде шақыртылған.

Максим Наумкин, қала тұрғыны:

– Біздің жеке деректеріміз алаяқтардың қолына қалай түскенін білмеймін. Мен 2020-шы жылы өзімнің Газель көлігімді сатқам. Сол кезде маған Шымкент қаласының тұрғынымын деп хабарласып, машинаңды көргім келеді, алдын –ала төлемін беріп қояйын бірақ, сен өз құжаттарыңды, банк картасының көшірмесін жібер деді де, артынша ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Арам ойым жоқ, сол кезде барлығын жіберген едім. Артынша алданғандар мені тауып алатын болды, бұрыннан алаяқ болған әккі біреулер болса керек.

Мәди Бағдат, облыстық ПД кибер қылмыспен күрес бөлімінің басшысы:

– Азамат Наумкин бойынша ақша шетелде шешіліп жатқандықтан, қазір бірқатар қиындықтар туындауда. Келесіде ол кісіге қоңырау шалған сәтте бірден ол кісілерге түсіндіріп, мен де арызданғам, мен де құрбанымын деп, полицияға хабарласыңыз деп біздің нөмірімізге, біз ұсынған хабарласса болады. Олардан бізге көмек болады деп ойлаймын. Себебі қандайда бір ақпарат бізге маңызды. Қылмыскерлерді анықтау мақсатында.